Зауыт иісінен тұншығып қалдық: тұрғындар өндіріс орнының жұмысына шағымданды

13.01.2024 01:31

Әкім Қаскелең тұрғындарының арызына қатысты мәселе 2 аптада шешілетінін айтты

Almaty.tv

«Зауыт иісінен тұншығып, басымыз айналады». Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғындары үйінің жанында орналасқан өндіріс орнының жұмысына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаланы тұман, халықтың да қабағын мұң басып барады. Тұрғындар зауыттан шығатын қою түтінді бейнежазба түсіріп алған.

– Тұман басып қалды. Бейіт мүлдем көрінбей қалды. Ауру жұғады, ол ағзадағы бүкіл ауруды қоздырып, өлімге алып баруы мүмкін. Өкпеге сіңіп, ракқа айналуы мүмкін, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Рая Ким.

Жағымсыз иістен жұқпалы ауру тарайды деп жанайқайын жеткізген жұрт дәл осы зауытқа шағымын айтып отыр. Олардың сөзінше, ауаның ластығы сонша, қарт кісілердің қан қысымы жиі көтеріледі. Ал зауыт басшылығы тек көмір жағатынын айтты.

– Біз кірпіш шығарамыз, дәнекерлеу цехы бар. Сағат 11:00-де бастап, 18:00-де өшіреміз. От жақпай отыра алмаймыз, – деді зауыттың атқарушы директоры Мамед Жалалиев.

Кейіннен зауытқа қымбат көлікпен келіп, өзін бастықпын деп таныстырған азамат камераның бетін жауып, түсірілім жұмысына кедергі келтіре бастады. Айтуынша, тұрғындар алаңдайтындай ештеңе жасап жатқан жоқ. Жиналған ел арыз жазды. Олар нысанның жабылуын талап етіп отыр. Кейін көпшілік кесірі тиді деген кәсіпорынға кешігіп қала әкімі де келді. Ол жағымсыз иістің себебін анықтау керек екенін айтып, қысқа қайырды.

– Әуелі тексереміз. Көмірдің орнына газ қосайық. Мәселенің дұрыс шешілуін қадағалаймыз, – деді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев

Алып аумақты алып жатқан өндіріс орны тұрғын үйлерге тиіп-ақ тұр. Байқасаңыз, арасын бір көше ғана бөледі. Әкім Қаскелең тұрғындарының арызына қатысты мәселе 2 аптада шешілетінін айтты

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дүрбелеңге негіз жоқ: Сейсмологтар блогердің болжамын жоққа шығарды