Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы» талқыланды

Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы» талқыланды
Оқулық 16 мәрте қайта басылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемнің 30 тілінде 8 миллион данамен таралған Эрнст Гомбрихтің «Өнер тарихы» атты бестселлерін бүгін өнертанушылар мен мәдениеттанушылар талдап, талқылады. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған еңбек 16 мәрте қайта басылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Кітапта тасқа салынған ежелгі кескіндерден бастап, қазіргі кезеңге дейінгі өнер тарихына жан-жақты шолу жасалады. Жас оқырманға арналып жазылған «Өнер тарихы» - оқушылар мен студенттерді аталған пәнмен таныстыратын кіріспе оқулық әрі өнерге қызығушы көпшілікке тартымды ғылыми танымдық еңбек дейді редакторлар алқасы.

«Ең кереметі, қазақ тілінде осы күнгі бұның көп пайдасы бар. Және де бұл ғылыми тілмен жазылған емес, кішкене жалпы ұғымға, орамына, әдейі жеңілдеу қылып жаңағы көпшілік оқитын қылып, жастар оқитын жағдайға келтіріліп аударылған кітап. Міне сондықтан да мұның құндылығы жоғары деп есептеймін», - деді «Өнер тарихы» кітабының аудармашысы және ғылыми редакторы, өнертанушы Байтұрсын ӨМІРБЕК.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 2017-2019 жылдары жалпы саны 48 оқулық аударылды. Оқулықтың әрқайсысы 10 мың дана басылыммен шығарылып, жаңа оқу жылында еліміздегі 130 жоғары оқу орнына таратылды. Электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» мен «Қазақстанның ашық кітапханасы» порталдарына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа берілген.

«Ол тек оқу орындарына, студенттерге арналып шығарылғанымен, біздің кітапхананың категориясы көпшілік оқырманға да  аратылу керек, насихатталуы керек. Осы мақсатта біз жоба редакторларымен екінші рет осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз. Біздің кітапханада барлық кітаптар бір жерге жинақталып қойылған», - деді Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН.

Новости партнеров