Есірткіге қарсы күрес қалай жүзеге асып жатыр

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Биыл 27 тоннадан астам есірткі тәркіленген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде есірткі саудасы тыйылмай тұр. Биыл 27 тонна зиянды зат тәркіленген. Ал нашақорлықтан айығып шыққандардың тек 15 пайызы тәуелділіктен арылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тепсе темір үзетін 28 жастағы Темірлан ауруханада алғаш емделіп жатқан жоқ. Жас жігіт осымен бесінші рет есірткіден айығу үшін келіп тұр. Осыдан бес жыл бұрын ер адамның болашаққа деген сенімі мол еді. Спортпен шығылданып, шағын бизнеспен айналысқан. Кенеттен оның өмірінде есірткі пайда болған. Сол сәттен бастап бәрі түбегейлі өзгеріпті. Нәтижесінде Темірлан барлық ақшасынан айырылып, отбасынан да қол үзіпті.

– Есірткіні алғаш рет 23 жасымда пайдаланып көрдім. Таблетка түріндегісінен бастадым. Оған дейін өмірім бірқалыпты болатын. Кейін ақырындап құлдырай бастадым. Ақшадан айырылып, үйге табыс әкелмейтін болдым. Бірінші орынға есірткіні қоя бастадым. Өкінішке қарай, әйелім екі баламды алып, менен кетіп қалды, – деді емделуші Темірлан.

Дәрігерлердің айтуынша, есірткіге тәуелділіктен арылуға келетіндер саны азайған. Бұл жерге емделетіндер бірнеше рет қайта келеді. Маманның айтуынша, ғимараттан шыққан адамдардың көпшілігі ары кетсе 1 сағат қана шыдайды. Есірткі сататын бірінші адамды немесе ішімдік саудалайтын алғашқы дүкенге тап болса, бұрынғы әдетін қайта бастайды.

– Зиянды заттарға деген тәуелділік баланың кішкентай кезінен, 3 пен 5 жас аралығында басталады. Сол кезде бала психологиялық соққы алса, жүрегіне жағымсыз оқиға әсе етсе, ол өскенде сол қиындықты алкоголь немесе есірткімен толтырғысы келеді. Баланы кішкентайынан дұрыстап тәрбиелеу керек, – деді Психикалық денсаулық орталығының кеңесшісі, психолог Александр Шакирзянов.

Маманның сөзіне сенсек, ауруханаға есірткіден емделуге келгендердің 15 пайызы ғана толықтай тәуелділіктен арылады. Психолог әлгі адамның зиянды затты қайтып қолданбауына оның отбасы да әсер етуі керек екенін айтты. Себебі ауруханадан шығып, есірткіге елігіп кететіндер көп. Ал полицейлер жыл басынан бері есірткі саудасы бойынша 2 мың 260 іс тіркелгенін айтты. Қазір аталған қылмыспен күресуді күшейту үшін арнайы жоспар әзірленген.

– Ол кешенді жоспарда 7 тарау, 77 тармақтан тұрады. Бұл – барлық құзырлы мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен нашақорлыққа, есірткіге қарсы жұмыла бағытталған жоспар. Жоспар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, 3 жылға белгіленген, – деді ҚР ІІМ Есірткіге қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов.  

Биыл 27 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Оның 72 келісі героин болса, 5 тоннаға жуығы марихуана екен. Тәртіп сақшылары «былтырғы статистикаға қарағанда бірнеше есе көп» деп атап өтті. Полицейлердің айтуынша, тәркіленген есірткі қылмыстық іс сотқа жолданған соң арнайы жойылатын орынға жөнелтіледі екен.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы көшелерінде уақытша көлік қозғалысы шектеледі

Новости партнеров