Ақшасы төленді, бірақ жылу жоқ: ауыл тұрғындары электр пешіне жылынуға мәжбүр

28.10.2023 01:46

Аудан әкімдігі мәселе шешіледі деп сендірді

Almaty.tv

Жарты миллионға жуық қаржысын санап беріп, көгілдір отынға қолы жетпей тұрған ауылдағы ағайын көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел кеудеге тығылған өксікті басып, әзер отыр. Өйткені, әрқайсының үйінде әлі қырқынан шығып үлгермеген нәресте бар. Он шаңырақта дүниеге келген 10 сәби электр пешіне жылынуға мәжбүр. Ал көшеге газ тартылған. Бірақ көзді қуантқан құбыр әлі іске қосылмапты.

Мұндағы жұрт көгілдір отын келеді деп, үйдегі пешті мамырда-ақ алып тастаған. Үйінде пеші барлар от жағып, күн көріп отыр.

– «460 мың теңге төлейсіңдер» деді. Оны төледік. Одан кейін жобасын жасады.  Газ келетін болды деп қуандық. Күн суыды, әлі жоқ. Өзіміз барып, сұрағанымызда «біз жұмысты аяқтадық, енді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ шешеді» деп, шығарып салды, – деді Қызыл ту ауылының тұрғыны Серікжан Әлімжанов.

– Әкімдіктен арнайы комиссия келеді деді. Ешқандай комиссия келген жоқ. Қажет қаражатты несие алып төледік, – деді Қызыл ту ауылының тұрғыны Сәуле Ахметова.

Әкімдік өкілдері халық алдына келмеді. Бөлім басшысы аталған мәселеге мердігер компанияның жауапты екенін айтты. Тиісті құжат жиналып, өңірлік филиалға өтінім жіберілген көрінеді.  

– Мердігер мекеменің директорымен сөйлестік. Ол кісінің айтуынша, бүгінде газ тарату желілері толық жүргізілген. Магистраль салынған. Бір аптаның ішінде жұмыс аяқталады.  Демек, олар 10 жұмыс күн ішінде тұрғын үйлерге жылу жібереді, – деді Талғар ауданы ТҮКШ жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлім басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжанов.

Бір ай суыққа шыдаған жұрт тағы 1 апта күте тұруға дайын. Жылудан бөлек, ауылда су мен жол, жарық мәселесі де өзекті. Көрші ауылдан тіршілік нәрін тасып ішіп жүрген тұрғындар түйткілдің көбін айтты.

– Жарықты арғы көшеден тартып алдық. Ағаш электр бағаны сынайын деп тұр. Қатты жел соқса, ауып кетуі мүмкін. Трансформатор қойды, бірақ қосылмады, – деді Қызыл ту ауылының тұрғыны Ақын Ордабай.

Панфилов ауылдық округі Талғар ауданына қарайды. Ауылдың жайын жақсы білетін атқамінерден әуелі су құбырының қашан тартылатынын сұрадық.

– 2024 жылы шілдеде жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сол жоба аяқталғаннан кейін құрылыс үшін бюджеттік өтінім береміз. Қаражат бөлінген жағдайда, екінші кезең – құрылыс басталады. Су құбырларының желілерін жүргізіліп алғаннан кейін, асфальт төселеді. Жарық мәселесі бойынша, Панфилов ауылдық әкімдігімен бірлесе отырып, келесі жылғы бюджетке өтінім беріледі, – деді Айбек Ақылжанов.

Аудан әкімдігі мәселе шешіледі деп сендірді. Жоба жасалып, өтінім тиісті орнына жіберілген, ендігі мәселе – тек қаржыны күту.

Мадина Оқас, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде демалыс күндері күн райы қалай өзгереді