Сағынтаев Президенттен Аюсай мен Ақсай өзендеріне бөгет салу ісін Үкіметке тапсыруды сұрады

30.10.2019 01:32

Алматыға 80 шақырым радиуста жыл сайын 200-ге тарта жеңіл жер сілкіністері болып тұрады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында қала әкімі селге қарсы бөгет құрылысында проблемалар бар екенін айтты. Бақытжан Сағынтаев бүгінде Аюсай мен Ақсай өзендерінде қорғаныс құрылғысы жоқтығын алға тартты. Солайша, Алматы сел қаупі жоғары аймақ болғандықтан, бөгет мәселесін тезірек шешуді үкіметке тапсыруды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы 10 баллдық сейсмо және селді қауіпті аймақта орналасқан. Қаладан 80 шақырым радиуста жыл сайын 200-ге тарта жеңіл жер сілкіністері орын алып тұрады. Осыны ескере отырып, Үкіметке Аюсай мен Ақсай өзендерінде қорғаныс құрылысы мәселесін тездетуді тапсыруыңызды сұраймыз. Біз бұл сұраққа қатысты құжаттарды Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып дайындадық», - деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал, Президент отырыста Алматының сейсмологиялық тұрғыдан белсенді аймақта орналасқанын тілге тиек етіп, бұл  халықты алаңдатып отырған мәселе екеніне де тоқталды. Қалада сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете отырып, «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер салу жұмысын бастау қажеттігін айтты.

«Күшейтіп жасаған дұрыс қой халыққа қауіп төнбес үшін. Себебі жер сілкінісі, су тасқыны айтып келмейтін апаттар ғой. Солардан қауіп төнбейтіндей мықтап қойса, дұрыс болатын еді», - деді тұрғындардың бірі.

«Бөгендерді күшейтіп, нығайтқанын қалаймыз. Әрине, Алматыда жауын көп жауады. Таулы аудан, таулы қала. Сол үшін жер сілкінісі де жиі болады», - деді келесі бірі.

"Апаттың алдын алған әрқашан да дұрыс. Табиғи апаттар деген қиын, бір ғана судың өзі елдің қалай үрейін ұшырады. Алматы таудың ортасында болғаннан кейін, сел жүрсе қаланың орны көл болып қалады. Енді соның алдын-алып жатқанына рахмет», - деді тағы бір тұрғын.

"Су қоймасы деген – ең керек нәрсе. Баяғыда 78-80 жылдары Медеу жақтан су тасқыны болып талай зорлық көрдік қой, жас кезімізде. Сол үшін керек», - деді қаланың байырғы тұрғыны.