Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясы Алматыда қанша уақыт жұмыс істейтіні белгілі болды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллиннің сөзінше, келгендердің бәрі ұйымның халықаралық қызметкерлері. Олардың тұруы, кеңсені жалға алуы және басқа да шығындар Біріккен Ұлттар Ұйымының бюджетінен толық қаржыландырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі және Ауғанстанға көмек көрсету бойынша БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лионс ханым бар. Келген қызметкерлердің бір бөлігі жақын арада БҰҰ-ның басқа елдердегі бөлімшелеріне барады. Бірақ олардың басым бөлігі, шамамен 100 адам Қазақстанда қалады және Алматыда UNAMA-ның уақытша қашықтағы кеңсесін құрады. UNAMA-ның қашықтан істейтін кеңсесін орналастыру әзірше жарты жылға жоспарланып отыр және Ауғанстандағы жағдайдың одан әрі дамуына байланысты ұзартылуы мүмкін», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин.
Сонымен қатар, Сыртқы Істер министрінің орынбасары Қазақстан Талибанды мойындамағанын еске салды. Әзірге бұл елдегі ахуалды мұқият бақылап отырғандарын жеткізді. Бұдан бөлек, Ауғанстандағы этникалық қазақтардың барлығы бірдей көшкісі келмейтінін айтты. Министрліктің мәліметінше, қазір Ауғанстанда 13 этникалық қазақ отбасы тұрады. Ал, осы елдегі елшілігіміздің қауіпсіздігін «Талибан» бақылауына алған.
«Кабулдағы біздің елшіліктің хабарлауынша, тәліптердің бір бөлігі келген бетте біздің елшілік орналасқан аймаққа кірген. Елші көшеге шыққан. Бұл кезде полиция Кабулды тастап шыққан болатын. Бір тәліп келіп одан: «Сен кімсің, қандай елшіліктесің?» деп сұраған. Ол бұл мекеме Қазақстан Елшілігі екенін айтқан. Олар: «Ештеңеден қорықпаңыздар! Бұрын қалай жұмыс істесеңіздер, солай жұмыс істей беріңіздер. Сіздерді біз күзетіміз» депті. Содан бері олар біздің елшілікті күзетуде. Әзірге тек осындай деңгейде ғана байланыс бар», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин.