«Жылда уәдеге сеніп, әлі де жарыққа жарымай отырмыз» деген Исаев ауылының азаматтары көшеге өздері тас төсеп, инфрақұрылымды жақсартуға көшкен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әр үйден ақша шығарып, жағдайды жөнге келтіріп жүрген тұрғындар әкімдіктің тым құрыса жарық жайын реттемегеніне наразы.
– Жарыққа 24,90 теңге төлейміз. Бірақ жарық жоқ. Халықтың заттары түгел кредитке алынған. Бәрі шетінен жанып, күйетіні күйіп жатыр. Кешке қарай бала-шағамызға сабақ оқитын ешқандай мүмкіндік жоқ. Май шамын дайындап, жанымызда отырады. Жаңа бір ата-ана «сағат 3:00-де тұрып, кір жуамын» деп айтты, – деді Исаев ауылының тұрғыны Дидар Ережепова.
– Электротехниканың бәрі күйіп жатыр. Мұның бәріне кім жауап береді? Ауыл әкімін қайта-қайта шақыртамыз. Бірақ ол ешқандай шешім шығара алмайды, – деді Исаев ауылының тұрғыны Райхан Ошақбаева.
«Күте-күте күдер үзілді» деген ел бүгін де округ әкімінің уәдесін тыңдап қайтты. Атқамінердің айтуына сенсек, қосалқы станса қосылса, жарықтың жағдайы жақсарады. Ол күн де алыс емес.
– Елдімекенде шағын 9 ауыл болған. Қазір олардың аумағы үлкейді. «Көкөзек» қосалқы стансасының жұмысы бір ай көлемінде аяқталады. Исаев ауылы сол стансаға қосылады, – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.
Алдағы айдан бастап, ауылдың жарығы қазіргідей жиі өшпейтін болады. Әкім алдына келгенде, барын баян қылған көпшілік жолға да шағым айтты. Бұған дейін негізгі көшелерге асфальт төселген, жаңа қосылған аумақтар келер жылы қалыпқа келмек. Көшені, әсіресе мектепке барар жолды жарықпен қамтуға да округ тарапынан тиісті орындарға өтініш жіберілген.
Ауылдағы 8 мыңнан аса адам ауырса, есігін қағатын фельдшерлік орталықта тек анықтама мен талон беріледі. Ал бас ауырып, балтыры сыздаған жұрт жақын маңдағы ауылдардан ем іздеп, сабылып жүр.
– Амбулаторияның ішінде 4-5 адам ғана жұмыс істейді. Олар халыққа қызмет ете алмайды. Өйткені, адам аз. Біздің ауылға кішігірім емхана салынса, жақсы болар еді, – деді Исаев ауылының тұрғыны Қалдыбай Келімжаев.
Бір ғана қабылдау бөлмесі және дәлізі бар амбулаторияда мамандар науқастарды мүмкіндігінше емдеп жатыр. Ауылда ақ халаттылар да аз емес, бірақ оларға жұмыс жоқ.
– Емхананың жер телімі белгілі. Келесі жылы 2 қабатты амбулатория салынады, – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.
Айта кетейік, қараңғы көшемен батпақ кешіп, ескіден есі шыққан Исаев ауыл тұрғындары ғана емес. Әкім Елтай ауылдық округіне қарасты біраз ауыл азаматының арманын жаттап алған. Бірақ бөркін аспанға атқан ешкім жоқ.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында ер адам құрылыс алаңында көз жұмды