Коммуналдық қызмет жұмысшыларына мемлекеттен жеңілдік қарастырылған ба

17.02.2022 в 02:08

Алып мегаполистің тазалығын сақтап жүрген коммуналдық қызмет жұмысшыларының басым бөлігі пәтер жалдап, аз жалақымен күн көреді

«Қыстыгүні жұмысымыз еселене түседі». Осылай деп базына айтқан Алматының коммуналдық қызметкерлері жұмыстарының ауыр екенін алға тартып, мемлекеттен жеңілдік қарастыруын сұрап отыр. Оның үстіне қала тазалығына жауап беретін қызметкерлердің 70 пайызы облыстан қатынап, көбі пәтер жалдап тұратын көрінеді. Жаздың ыстығы, қыстың суығында еңбек ететін қарапайым жұмысшылармен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.

Алматыдай алып мегаполистің тазалығын сақтап жүрген коммуналдық қызметкерлер еңбегіміз тиісті деңгейде еленбейді деп мұңын шақты. Таңнан кешке дейін тынбай еңбек ететін жұмысшылар жалақымыз да жарымайды деп отыр.

«Қиын болса да, амал жоқ қой, істеп жатырмыз. Ақша керек, жалдамалы пәтерімізге төлеу керек, тамағымыз бар. Пәтер жалдап тұрамыз, үй берсе деп ойлаймыз, бірақ үй беретініне үміт жоқ, күнделікті ақшамызды берсе де рахмет», - дейді көше тазалаушы Гүлнәр Білдебаева.

«Бес бала-шағам бар, сондықтан кез келген адам пәтерін бере бермейді. Пәтер жалдап тұрамыз, жалғыз мен емес, көбісі сондай. Сол үшін айлығымызды көтеріп немесе баспанасы жоқтарға көмектесіп, үй жағынан ипотека болса да берсе екен дейміз», - дейді Әуезов ауданы «Алматы Тазалық» коммуналдық мекемесінің жүргізушісі Ержан Өтегенов.

Күрекпен көше тазалап күнелткен жұмысшылардың қала тұрғындарына да өкпесі көп. Өйткені онсыз да оңай емес жұмысымызды қиындатып, одан қалса, ұрсып кетеді деп отыр.

«Жолдың бойына машиналарын қойып кетеді, араларынан қар ала алмаймыз. Оны кей адамдар түсінбейді. Боқтап кететіндері де, көліктің алдыңғы терезесіне қар лақтырып, сындырып кететіндер де бар», - дейді Бостандық ауданы «Алматы Тазалық» коммуналдық мекемесінің жүргізушісі Нұржан Байбосынов.

Жаздың ыстығы, қыстың суығында түрлі техниканың ішінде отырып жұмыс істеу де оңай емес дейді жұмысшылар. Ол аздай, жаяу жүргіншілер жекіп, кейде жүргізушілер жолға тосқауыл болып, кедергі келтіреді екен.

Қыстың суығында маңдай терімен нәпақа тауып жұмыс істейтіндердің арасында зейнет жасына жуықтағандар да бар.

Құрал-сайманын сақадай сайлап, жұмысқа жарамды құралдармен жабдықталған соң, жұмысшылар өздеріне берілген аумақты тазалауға кіріседі. Ал артынша қар лақтырғыш техника тазалауды жалғастырады.

Қолымыздан келгенше тазалықты ұстанамыз деген «Алматы Тазалық» басшылары жұмыстың оңайы жоқ, десе де, біздің қызметкерлердің жүктемесі ауыр деп отыр. Осы орайды қала тұрғындарын коммуналдық қызметкерлерге түсіністікпен қарауын сұрайды.

«Қала көшелерінде жолды және жаяу жүргіншілер жолын тазалаймыз. Дәл осы учаскеде 25-ке жуық жол жұмысшысы, техникадан 7 бірлік техника, оның ішінде «КАМаз» және қар тиегіш бар», - деді Бостандық ауданы «Алматы Тазалық» коммуналдық мекемесінің бастығының орынбасары Айдын Шолтықов.

Ақпанның аяғында жауған ақ ұлпа қар алдағы уақытта да жалғасады дейді синоптиктер. Алайда адал еңбек ететін жұмысшылар одан қаймықпақ емес. Тек жоғарыда айтылған бірқатар мәселеміз шешілсе екен деп отыр.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы