«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Мәселен, сенатор Лззат Сүлеймен, Президенттің осы бір сөзі көңілінен ерекше шыққанын, билік бұқараға барынша жақын болуы керектігін айтады. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс деген ойда.
«Ең басты мәселе – былтырғы Жолдауда айтылған халық үніне құлақ асатын мемлекет» мәселесі. Осы концепция өзінің жалғасын табады. Бұл жерде азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласуы, биліктің жауапкершілігі, азаматтардың жауапкершілігі, осы ара қатынастың заң негізінде әділетті түрде қалыптасу туралы өте жақсы концепция айтылды. Жолдаудағы ең басты мақсат – ел әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, қазіргі пандемия салдарын еңсеру», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.
Ал сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы, Мемлекет басшысының қазіргі қалыптасқан онлайн білім беру жүйесіне қатысты өзінің сыни пікірін айтқаны өте орынды дейді. Бұл түйткілді халық қалаулыларымен бірге елді аралағанда көргенін айтады. Сол себептен дәстүрлі білім беруге көшіру мақсаты тұрғанын жеткізді.
«Үздіксіз білім беруге қатты мән берілді. Бұған дейін бұл айтылып жүрген болатын. Және қалыптасқан онлайн білім беру жүйесіне қатысты Президент өзінің сыни пікірін айтты. Біз бұған дейін бұл мәселені көтергенбіз. Сондықтан Президент пікірін қолдаймыз. Оның ішінде қазіргі қалыптасқан дәстүрлі білімді ары қарай жалғастыру мәселесін біз қарауымыз керек. Егер ата-аналардың мектепке берем деген балаларды дәстүрлі оқуға көшіруге, меніңше, мүмкіндік бар деп есептеймін», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.