Ауыз су машақатын жазда ғана көруден мезі болған Алматы облысындағы «Финансист» саяжайының жұрты наразылыққа шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле ауданындағы «Финансист» саяжайында 215 учаске бар. Бүгінде 60 отбасы өмір сүріп жатыр. Жұрттың айтуынша, аязды күндер таяған шақта ауыз суға зар болады.
«10 жылдан асты осы жерде тұрамын. Су мәселесі өте қиын. Жазда суымыз болады. Қыста болмайды. 6-7 ай тоқтайды. 7 ай 1 км жерден арбамен тасып ішеміз», – деді саяжай тұрғыны Бақытгүл Бердібаева.
«Үйде ешкім болмай қалса, көрші балаларға айтамын. Солар көмектесіп, әкеліп тастайды. Халық, бала-шаға бар күн көріп отырмыз», – деді саяжай тұрғыны Әсия Оспанова.
Тұрғындарды күре жол мәселесі де толғандырады. Олардың айтуынша, жүргіншілер жолын елейтін жүргізуші жоқ. Әсіресе түнгі уақытта жолдағы адамды көрмейтін көрінеді.
«Жолдың арғы жағынан түседі. Жаяу жүргінші жолынан өту үшін ешқандай машина тоқтамайды. Бірінші өткенде «сигнал» береді. Екінші рет айқайлап ұрсып өтеді. Аз болса, бір-бірімен жарысады. 5 күн бұрын адамды қағып, бүгін жаназасын шығарып жатыр. Балалар сабаққа барады, алаңдаймыз», – деді саяжай тұрғыны Айдар Қашқынбаев..
«Финансист» - Қараой ауылдық округінің құрамындағы 20 саяжайдың бірі. Сондықтан ондағы жұрт уәжін округ әкіміне айтып, қос мәселені де шешім тапқанын талап етті. Саяжай тұрғындары «күре жолдың бойына жарық орнатса» екен дейді.
«Бұл жер елді мекенге жатпайды. Сондықтан жарық орнатылмаған. Сұраныс жасап көреміз жоғары жаққа. Бұл кісілер үкіметтен көмек сұрап жатыр. Үкімет тарапынан заң бойынша саяжайларға қаражат бөлінбейді», – деді Қараой ауылдық округінің әкімі Айдос Тажанов.
Округ басшысы су мәселесін тұрғындардың өзі шешу керегін айтты. Себебі 60 отбасы тұрып жатқан жерде «ауыл» статусы жоқ. Әкімнің айтуынша, бұл жердің қазынасына да, сапасына да саяжай төрайымы жауапты.
«Мен оларға есеп беремін. Үнемі жиналған ақшаның қайда кетіп жатқанын айтып отырамын. Суға қатысты айтар болсам, бұған дейін бәрі жабылып жатып құбыр салу мәселесін көтерді. Алайда оның құнын есептегенде шашымыз жетпейтін сома шықты. Содан бәрі тоқтады да қалды», – деді «Финансист» саяжайы қауымдастығының төрайымы Любовь Стрелина.
Айта кетсек, саяжайдағы су мәселесі шешілу үшін тұрғындар 20 миллион теңгенің төңірегінде қаражат жинауы тиіс екен. Бірақ оған арнайы қаржы бөлінбейді.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы