Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр
Бразилияда жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына әуе көлігі қанатының мұз қатуы себеп болуы мүмкін. Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұшақтың екі қара жәшігі де табылыпты.
Айта кетейік, осыдан 3 күн бұрын Сан-Паулу штатында әуе көлігі жерге құлап, іште болған 62 адам опат болған еді. Оның 58-і - жолаушы, 4-уі - экипаж мүшесі. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилия президентіне көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын.
«Әуе кемесінен қандай да бір төтенше жағдайдың болғаны туралы мәлімет түскен жоқ. Қазір қара жәшіктер арнайы орталыққа жеткізілді. Бәрі нақты зерттелгеннен кейін, апаттың неден болғанын нақты айта аламыз. Сараптама жұмыстарының қашан аяқталатынын айту қиын», - деді Әуе апаттарын тергеу және алдын алу орталығының басшысы Марсело Морено.
Ал Грекия билігі Афина маңындағы 5 аймақты эвакуациялау туралы ескерту жасады. Себебі елде аптап ыстық пен желдің әсерінен орман өрті өршіп тұр. Шетелдік ақпарат құралдарының мәліметінше, жексенбі күні Варнава ауылының тұрғындары тілсіз жау жайылып кетуі мүмкін деген қорқынышпен үйлерін тастап кеткен екен. Қызыл жалын шарпыған аумақта 250-ден астам құтқарушы, он шақты өрт сөндіру ұшағы мен жеті тікұшақ жұмыс істеп жатыр.