Күре жолды бес мердігер компания салып жатыр
Сыр өңірін Сарыарқамен байланыстыратын күрежолдың мәселесі күрделі. Қызылорда – Жезқазған автожолын қайта жаңғырту жұмыстары Қызылорда облысы аумағында қарқын алғанымен, Ұлытау өңіріндегі қозғалыс баяу. Бұл қос аралықта қатынайтын жүргізушілер мен жолаушыларды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаздың аптап ыстығында жайсыз жолдан әбігерге түсетін жолаушылар қыстың қытымыр аязында қар құрсауында қалып, құтқарушылардан көмек күтеді. Бұл – Қызылорда-Жезқазған тасжолында жылда қайталанатын жағдай. Былтыр дәл осы бағытта 7 ірі көлік апаты болып, бес адам қаза тапқан. Мамандар «біраз күтсек, мәселеден біржола құтыламыз» дейді. Өйткені Қызылордадан бастау алған жаңа асфальт жол облыстың шекарасына дейін төселіп тұр. Ұзындығы 192 шақырым. Соның 140-ы жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек
– 127 шақырымның бірінші қабатына, ал 95 шақырымның екінші қабатына асфальт төселді. Үшінші жоғары қабатының жұмысы басталды, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ филиалы басшысының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Күре жолды бес мердігер компания салып жатыр. Ұлытауға жақын үш учаскеде автожолдың негізгі қабаты төселіп, құрылыстың соңғы кезеңі басталған. Ал төртінші аумақта полимер қосылған асфальт жабындысы төселуде. Сарапшылар жаңашылдық магистральдің сапасын арттыратынына сенімді. Асфальт 130-150 градусқа дейінгі температурада жайылып, басылады. Ал жолдың сапасын мамандар сол мезетте тексеріп, талапқа сай болуын жіті қадағалайды.
– Жезқазған тас жолы үш қабатты асфальттан тұрады. Қиыршық тасты асфальт Қызылорда облысының ыстығына, салқынына төзімдірек. Зертханалық сынама алынып, оң нәтижесін берді, – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының инженері Асылбек Қапбазов.
Ойдым-ойдым ұзақ жолды еңсеру жүргізушілерге де оңай соқпай отыр. Осы аралықта қатынайтын жұрт шаруаның тездетіп шешілуін асыға күтуде.
– Жүрген сайын қарап өтеміз. Қызылорда жағында негізі жұмыс атқарылып жатыр. Бәрі жақсы. Ал Жезқазғанда жөндеу жұмысы тоқтап тұр, – деді көлік жүргізушісі Асқар Айдархан.
Күре жолды жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Дегенмен халық көптен күткен жобаның екінші кезеңі Ұлытау облысында жалғасады. Көршілес өңірде биыл күзде жол салуға әзірлік басталмақ. Ал қызылордалықтар бес учаскенің үшеуін биыл ашуды көздеп отыр.
Асқар Сәрсенұлы, Т. Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Түркістанда күйеуін өлтірген әйелге қатысты сот басталды