Маскүнемдер мекендейді: аялдамаға зар болған атыраулықтар ағаш көлеңкесін саялап жүр

13.06.2023 01:34

Құны 14 млн теңгеге орнатылған автобус бекеттерінің бүгінде быт-шыты шыққан

Almaty.tv

Атыраулықтар аялдаманы емес, ағаштардың көлеңкесін саялап жүр. Құны 14 млн теңгеге орнатылған автобус бекеттерінің бүгінде быт-шыты шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салқындатқышы істемей, есіктің өзі құлағалы тұр. Қыруар қаржыға салынып, тұрғындар қызығын көре алмаған аялдаманы түнде маскүнемдер мекендейтін болған. Ал сыныққа қанықпыз деген атқамінерлер кінәлі біз емес деп ат-тонын ала қашады.

Атыраулықтар әрқайсының құны шамамен 14 млн теңге болатын жабық аялдамалардың қызығын қысы-жазы көре алмай келеді. Өйткені салқындатқыш істен шыққан, аялдама іші күл-қоқысқа лық толы, ал Wi-Fi желісі істемейді. Есіктері сынық. Аптап ыстық басталғалы жұрт аялдамалардан сая таба алмай әлек. Автобус күткен жұрт сыртта тал-терек пен жарық бағандарының көлеңкесін саялап тұр.

Ал атқамінерлер бұған тұрғындардың өзі кінәлі дейді. Өйткені кейбіреулер салқындатқыштың тетігін басып, режимді ауыстырып тастайтын көрінеді. Аялдамалардағы салқындатқыштың жөнді жұмыс істемейтіні өз алдына, ондағы бейнебақылау камералары да түсірмейді.  

«Қазір ашық тұрған аялдамалардың көбінде тұрғындар тетікшені басып, режимін ауыстырып тастайды. Сондықтан біз жекелеп қарап шығамыз. Кейін Wi-Fi желісімен және камера жүйелерімен де толық қамтылатын болады», – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің бөлім меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Жалпы қала аумағында 22 жабық аялдама бар. Оның алтауы сенімгерлік басқаруға берілген. Қалғаны қалалық әкімдіктің иелігінде.