Оны ресейлік технологтар құрастырып шыққан
Жаңа мамандықтарды игеріп, сол салада жұмыс істеу енді жеңілдей түсті. Қалаған салаңызды аз уақыттың ішінде онлайн-курс арқылы үйреніп, нәпақа табуға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұндай мүмкіндікті ресейлік Lerna компаниясы ұсынып отыр. Әмбебап платформада әлемде сұранысқа ие һәм жалақысы қомақты мамандықтар топтастырылған.
Ресейлік технологтар құрастырып шыққан Lerna әмбебап платформасында мыңнан астам мамандық курстары бар. Бағыты мен бағдары сан түрлі. Бүгінде трендке айналған маркетинг, смм, таргетолог, копирайтер секілді саладан бастап, IT, онлайн сурет салу мен тоқуға дейін үйрететін сабақтар бар.
– Платформада арнайы сабақтардан бөлек, қызметкерлердің психологиялық жағдайын жақсартуға арналған тренингтер мен біліктілігін арттыратын шеберлік сағаттар бар. Компания басшылары осы сабақтарды сатып алу арқылы жұмысшыларын онлайн оқыта алады. Жүйелі жұмыс нәтижесінде ірі компаниялар уақыт пен өзге ресурстарды үнемдей алады, – деді Lerna компаниясының қызметкері Альберт Ким.
Платформаны құрастырған технологтар алдағы 15 жылдықта банк қызметкерлері, есепші және сызбашы, өңдеу өнеркәсібі мен сақтандыру саласының мамандарына сұраныс азаятынын айтады. Олардың орнын сандық жобалаушы, туристік маршруттардың картасын әзірлеушілер мен блокчейн-технолог сияқты жаңа қызмет түрлері ауыстырады екен.
– Қазір жастардың көпшілігі оқуын аяқтап, қай бағытта оқып жұмыс істерін білмей жатады. Осы мақсатта ресейлік білікті мамандар арнайы тест құрылғысын ойлап тапты. Кез келген адамның басына арнайы ленталарды тағу арқылы қай салаға икемі бар екенін анықтаймыз. Мұндай құрылғы қазір ТМД елдері арасындағы Ресей мен Қазақстанда ғана бар, – деді Lerna компаниясының қызметкері Рафкат Закиров
Ресейлік компания ұсынған өнімдерді Алматыдағы «Достық плаза» сауда кешенінен таба аласыз. Мамандардың көмегімен арнайы құрылғы арқылы қай салаға бейім екеніңізді анықтап, қалаған онлайн-курсты сатып алуға мүмкіндік бар.
Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек «Алматы» телеарнасы