Ел аумағында пәтерді жалға алу құны бір жылдың ішінде орта есеппен 28,6 пайызға артқан. Өсім қарқыны жоғары қалалардың көшін Алматы бастап тұр. Баға 43,1 пайызға көтерілген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аянбек Аманбек – әсем Алматыға арман қуып келгендердің бірі. Өзгелер секілді ол да пәтер жалдап тұрады. Мегаполиске қоныстанғанына бір жылдың жүзі болған. Алайда осы күнге дейін ол өзіне жайлы, орналасқан жері ыңғайлы, қалтасын қақпайтын пәтер таба алмаған.
– Біз 200 мың теңгеге пәтер жалдадық. Бірақ қаланың сырт жағынан табылды. Оқу орнына қатынау алыстау, бір сағаттай жүреміз. 200 мың теңгеге орталықтан пәтер табу қиын, – деді студент Аянбек Аманбек.
Жас жігіттің сөзін риэлторлар да құптайды. Жоғары оқу орындары көп шоғырланған аудандарда пәтер құны шарықтап тұр. Ал оған сұраныстың көптігі себеп.
– Өткен жылғымен салыстырған кезде тамызға дейін 30 пайыз қымбаттап отыр. Ал өткен ай мен қазіргі айды салыстырсақ, 10-15 пайызға көтерілді. Мысалы қазір тұрған жеріміз орталық болып саналады. Бұл жерде 35-40 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді жалға алу бағасы – 200-220 мың теңге, – деді риэлтор Ерболат Досәлиев.
– 2023 жылғы шілдеде Алматы қаласында қолайлы жағдайы бар пәтерлерді жалға алу төлемінің орташа бағасы бір шаршы метріне 5559 теңгені құрады, – деді Ұлттық статистика бюросы Баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Ал жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, студенттердің баспана мәселесі бақылап отыр. Жыл сайын ел бойынша 20-дан астам жатақхана салынып жатыр.
– Негізінен, әрине, әрбір университет те өздерінің инвестициялық жобасы негізінде немесе өз қаражатынан, болмаса кредит алу арқылы жатақхана салып жатыр, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының міндетін атқарушы Бану Нарбекова.
Айта кетейік, қазір пәтер жалдау құны қымбаттаған қалалардың көшін Алматы бастап тұрса, соңында Атырау қаласы тұр. Ондағы баға бір жылдың ішінде 5,7 пайызға көбейген. Ал Түркістанда керісінше, 3 пайызға төмендепті.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: науқастар ВИЧ індетін қалай жұртырған