Елордадағы Ғ. Қараш көшесінің тұрғындары құрылыс жұмыстарына шағымданды

 Елордадағы Ғ. Қараш көшесінің тұрғындары құрылыс жұмыстарына шағымданды
20 жылға жуық уақыт өткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

20 жыл қауіп-қатердің ортасында өмір сүріп келеміз. Нұр-Сұлтандағы Ғұмар Қараш көшесінің тұрғындары ұзақ жылдар бойы үйлерінің маңында тынбаған құрылыс жұмыстарына шағымданды. Енді олар әкімдіктен өздері тұрып жатқан жер үйлерді сүріп тастауды талап етеді. Әйтпесе көшемен жүріп-тұру мүмкін болмай қалды дейді. Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай тарқатады.

Қараш көшесінің тұрғындарына әкімдік көпқабатты тұрғын үйлер салына бастаған уақытта жер үйлері сүрілетінін айтқан. Алайда одан бері 20 жылға жуық уақыт өткен. Осы уақытта үлкен ғимараттардың да құрылысы әлі толық бітпепті. Ал, ары-бері өтетін жүк көліктері де жұртты әбден мезі қылған.  

«Екінші мына жағынан кабель салайын деп жатыр. Бізде бала-шаға бар кішкентай. Балаларды далаға шығармаймыз. Екінші сұрақ осы жақты қашан сүруге жібереді. Ана жақта он екі үй қалды осы жерде. Соны енді әкімдіктен сұрап жатырмыз», – деді қала тұрғыны Тұраш Дауырбеков.

Дүйсен Ергебаев күн жылынған уақытта үйге кіріп-шығу мүмкін емес дейді. Халықтың сөзінше, әкімдік үйді сүру үшін жердің әр шаршы метріне 83 мың теңге төленеді деген. Ал, тұрғындар бұл қаражатты місе тұтпапты. Сондықтан не лайықты бағаға сүрілсін немесе маңайында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын тоқтатсын деп отыр.  

«Бірінші мына құрылыс келді. Мына камаздары күнде жүреді. Сол камаздары бізге саз әкеледі. Сосын ана көшеге сазды шығарады. Енді сол құрылыстың үстінен әкімдік мына жерден арық салайын деп жүр. Соның бәрі бізге зиян», – деді қала тұрғыны Дүйсен Ергебаев.

Әкімдік тұрғындардың жүйкесін жұқартқан құрылыс барлық нормалар мен ережелерге сай келетінін айтады.

«Қазіргі уақытта Ғұмар Қараш көшесінде жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі салынуда. Онымен қоса, Уәлиханов көшесіндегі кәріз құбыры мен жауынға арналған кәріздің магистральдық желілерін қосу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бірақ электр кабельдері жеке үйлердің аймағында емес, біз олардың ауласына кірмейміз. Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл аймақты қалпына келтіретін боламыз», – деді қалалық Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жолмұқан.

Ал, жер үйлерді сүру мәселесі қаланың бас жоспарына сәйкес жер учаскесін игеретін инвестор бекітілген кезде ғана шешілетінін жеткізді. Бірақ уақыты беймәлім.

Қаламқас Нысанбай

Новости партнеров