Тұрғындардың дені талап-тілектерін қоңырау шалып жеткізетін болса, ұсыныстарын әлеуметтік желілер арқылы да айтатындар аз емес екен. Ал, қоғамдық қабылдаудың фронт-кеңсесінде алматылықтар барлық сұрақтарына бір жерден жауап ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Лена Алиева Open Almaty фронт-кеңсесіне бүгін бірінші рет келіп тұрған жоқ. Сүйікті қаласында болып жатқан барлық өзгерістерге ол бей-жай қарай алмаймын дейді. Жарық шамдары немесе жаяу жүргіншілер жолағы жоқ көше көрсе, не болмаса қоқыс алаңдары мен лас аялдамаларды байқаса бірден Open Almaty-ға хабарласады. Және осыған дейін 30 шақты өтініш пен шағымдарын жеткізген қала тұрғыны барлық мәселесінің оң шешімін тапқанын айтады.
«Кеше үйдің кіре берісіндегі еден ашылып кеткенін көріп 1308 нөміріне хабарластым. Қызметкерлер маған ертең келіп арыз жазыңыз деді. Бүгін сол арызымды жазуға келіп тұрмын. Жергілікті тұрғындар үшін Open Almaty жобасы өте тиімді дер едім. Тұрғындармен байланыс жүйеге қойылған. Алғаш рет хабарласқанда қызымның балабақшасын ауыстыра алмай жүргенмін. Мәселемді тез арада шешіп берді», - дейді Лена АЛИЕВА.
Open Almaty-ның қызметіне күніне 1000-ға жуық адам жүгінеді екен. Олардың 100-і фронт офиске келетін болса, тағы 100-і порталға өз ұсыныстарын жазып жібереді. Ал тұрғындардың дені, яғни, 800-ге жуығы өз өтініштері мен проблемаларын Call-орталыққа қоңырау шалып жеткізгенді жөн көреді.
Open Almaty қоғамдық қабылдау орталығына өткен жылдың өзінде тұрғындардан 150 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Оның 90 пайызы оң шешімін тауыпты. Шағымдардың 80 пайызға жуығы алғашқы 2-3 күннің ішінде шешілген. Тек бюджеттен қаржы бөлуді талап ететін кейбір мәселелерге көбірек уақыт кетеді дейді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрайымы Жанна Төлегенова.
«Әкімдік бірінші кезекте Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде парақша ашты. Себебі, бұл қаналдар бүгінде тұрғындармен байланыс орнатудың ең тиімді әдістерінің бірі. Бүгінде әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларына 200 мыңнан аса адам жазылған. Онда халықтан күніне 70-ке жуық өтініш келіп түседі», - дейді Ж.Төлегенова.
Қаладағы тәртіп, қауіпсіздік және тазалық. Алматылықтар шағымданатын негізгі проблемалар осы. Тұрғындарды мазалайтын сұрақтар әр маусымға байланысты өзгеріп отырады.
«Қазір қоғамдық көлік жұмысына қатысты түсетін шағымдардың 7 есеге дейін азайғанын көріп отырмыз. Алғашында тұрғындар автобустардың жүретін уақытына, жүргізушілердің мәдениетіне қатысты мәселемен көп хабарласатын. Халықтың уәжін ескере келе қоғамдық көліктерді қадағалап отыратын арнайы жүйе құрылды. Соның арқасында бүгінде автобустардың сапасы жақсарып, жүру тәртібі де бірқалыпқа түсті», - дейді Жанна Төлегенова.
Бүгінде «Open Almaty» мобилдік қосымшасы әзірлену үстінде. Мұнда қалалық түрлі сервистер біріктіріліп, онлайн-қызметтерді алу мүмкіндігі жасалады. Сонымен қатар, қалалық бейнебақылау камералары мен қоғамдық көліктің GPS трекингін байланыстыратын бірыңғай мониторинг жүйесі әзірленіп жатыр. Алматы қаласын дамыту орталығы тұрғындармен мемлекеттік органдар арасында жедел байланыс орнату жұмыстарын күшейеді.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашит Шүкіралиев, "Алматы" телеарнасы