Шымкентте науқас анасы мен бес бауырын жалғыз баққан 13 жасар бала жаңа үйге көшті

09.02.2019 01:35

Шымкентте 13  жасар балаға еріктілер үй сатып әперді. Ол жалғыз анасы мен 5 бауырын бағу үшін түні бойы темір сатып ақша тапқан. Ал алты баласы мен пәтер жалдап отырған шешесі ауыр жұмыстан кейін еңбекке жарамай қалған. Бүгін көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

13 жасар Ағабек қатарластары секілді доп тепкен жоқ, асыр салып аулада ойнаған жоқ. Есіл-дерті бес бауырын аш қалдырмай, аурушаң шешесінің дәрі-дәрмегіне ақша табу. Осының бәрі кішкентай Ағабектің мойнындағы іс еді. Анасы зауыттағы ауыр жұмыстан кейін еңбекке жарамай қалған. Ал әкесі ішімдікке салынып, отбасының ойраны шыққан. 

«Тойханада, анда-мұнда жұмыс істедім. Ақыр соңында бүйрегім ауырып жатып қалдым. Бір айдан кейін балам ақша тауып келе бастады. Кеш келетінді шығарды. Басында айтпай жүрген. Кейін ағалармен жұмыс істеп жүрмін деп айтты. Қорғасын зауытында темір жинап, соны өткізіп, күнде кешкі сағат 10-11-ге қарай 3000-4000 теңге тауып келеді. Бар ақшасын маған береді. Сол баланың арқасында бүйрегімді емдедім», – дейді Ағабектің анасы Мухаббат БАЕВА.

Атабектің төрт қарындасы мен 2,5 жастағы інісі ғана бар. Олар аядай бөлмеге ай сайын 13 мың теңге төлеп тұрып жатыр. Алайда, пәтерақысын өтемегелі де біраз болған. Ал Үкіметтен алатын 16 000 теңге шайлығына да жетпейді. Түні бойы темір жинап, үйін асырап отырған Ағабекті бір күні Бахтияр есімді азамат көріп қалады.

«Жұмыстан қайтып келе жатқанда жанармай бекетінің қасынан бір баланы көрдім. Көзімнің түскен себебі, өзімнің баламмен қатар екен. Қолында темір. Үсті-басы лай-лай. Бірден көлігімнен түсіп жанына жақындадым. Содан соң үйіне бардық. Ағабек мен және балам бар еді қасымда. Бардық. Барсақ, кішкентай қыздар шықты. «Қарындасым, үйде тамақ бар ма бауырың аш сияқты» деп едім. «Мамамызды күтейікші» деді. «Мамаң қайда» десем, «Жұмысқа кетті» деді. Әпкесіне су қойшы дедім. Ағабектің аяғында жұп-жұқа кроссовки. Ішіне лай өтіп, тура бір нәски сияқты жабысып қалған ғой», – дейді ерікті Бахтияр БОТАЕВ.

Осы жағдайдан кейін Ағабекке жаны ашыған бір топ азамат үй сатып әперді. Бүгін Ағабек отбасы мен бауырларын алып, жаңа баспанасына көшті.

«Күндердің күнінде бір ағаны кезіктірдім. Сол кісінің арқасында осындай үй иеленіп отырмыз. Осыған қуаныштымын. Енді қарындастарым бөлек, мен бөлек жатамын», – дейді Ағабек КАРИЛЛАЕВ.

«Көп түкірсе көл» дейді еріктілер. Енді қиын күндер артта қалды деген жеткіншек қайырымды жандарға шексіз ризашылығын білдірді.

Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеранасы, Астана