|
30.03.2020 | 20:36
2290

Белгілі ақын, журналист, көсемсөзші Аманхан Әлімұлы 68 жастан асқан шағында дүниеден озды

Қазақ қоғамындағы өзекті тақырыптарды көтеріп, жас дарындарға ұлағатты ұстаз бола білді

Белгілі ақын, журналист, көсемсөзші Аманхан Әлімұлы 68 жастан асқан шағында дүниеден озды Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бүгін қазақтың белгілі ақыны, журналист, көсемсөзші Аманхан Әлімұлы 68 жастан асқан шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында туған дарынды ақын ғұмырын қазақ руханиятына арнады. Ол Республикалық басылымдарда беделді еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы «Ақиқат» журналында бас редактор болды. Қазақ қоғамындағы өзекті тақырыптарды көтеріп, жас дарындарға ұлағатты ұстаз бола білді.

Саналы ғұмырында ұлттың қамын күйттеген ақын, журналист Аманхан Әлімұлы бүгін арамызда жоқ. Қазақ руханияты дарынды қаламгерінен айырылды. Елім деп соққан жүрек кенет тоқтады. 1952 жылы Оңтүстік Қазақстанда  дүниеге келген Аманхан Әлімұлының қазақ поэзиясына, руханиятына қосқан үлесі зор. Оның «Жанымның жапырағы», «Ай нұры алақанымда», «Кездесу» сияқты жыр жинақтары қалың оқырманға жол тартты. Түрлі публицистикалық мақалалар жариялап, республикалық басылымдарда өткір тақырыптарды қозғады.

«Алланың жіберген қазіргі қалтарыс уақытын мырзақамақ дейміз ғой. Мырзақамақ тар дүниеге сыймай,  тастап кеткен сияқты. Бұл барлық уақытта екпіндеп жүретін, өзі қанатын сермеп, кең дүниеде  қалықтап ұшып жүретін. Тар дүниеге ешқашан көндікпейтін», – деді жазушы Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

Аманхан Әлімұлы ұзақ жылдар бойы «Ақиқат» журналының бас редакторы болды. Ол журналдың мұқабасынан бастап мазмұнына дейін аса мән беріп, заманауи айдарлар ойлап табуға шебер еді, деп еске алады әріптестері. Өзімен үзеңгілес болған жандар қоғам қайраткерін өнегелі ұстаз бола білді дейді. Жас журналистерге ағалық жол сілтеп, талай қаламгерлерді тақырып табуға, жазу шеберлігін шыңдауға үйретті.

«Ол кісі менмін деп ешқашан мақтанбайтын. Өзін әрдайым кішіпейіл, қарапайым ұстайтын. Замандастарымен де араласты, жастарға да үлгі бола білді.  Тіпті, өңірлердегі жылт еткен жаңалықты көрсе, өсіп  жатқан талантты  жас ақындар болса, соның телефонын тауып алып, хабарласып, өлеңдерін алдырып, бүкіл республиткалық газет-журналдарға жариялауға өзі тікелей себепші болатын», – деді «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ.

«Аманхан аға қазақ поэзиясында болсын... азаматтық пікірлері айқын», – деді ақын Мұрат ШАЙМАРАН.

«Құрмет» орденінің иегері Аманхан Әлімұлының есімі, зор еңбегі келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек. "Ақиқаттың" жаршысы бүгін таңертең кенет инсульт алып, бұл дүниемен қоштасты. Марқұм ертең жер қойнауына тапсырылады.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир