Қазақстанда тұтынушылардың 11 пайызы ғана құқық қорғау үшін мемлекеттік органға жүгінеді. Ол туралы бүгін Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді. Бұл ретте елімізде «бір терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сауда және интеграция вице-министрінің сөзіне сенсек, халық тұтынушылар құқығын қорғау жүйесіне қанағаттанып отырған жоқ. Әлеуметтік зерттеуге қатысқандардың 87 пайызы тұтынушы ретінде құқығының бұзылғанын растаған.
«Өз құқығы мен заңды мүддесін қорғауға азаматтардың 64 пайызы ниетті емес екенін атап өтті. Бұған бизнестің жазасыздығы мен кімдікі дұрыс, кімдікі теріс екенін дәлелдеудің ұзақтығы себеп болып отыр. Өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға тұтынушылардың 11 пайызы ғана жүгінеді. Құқықты сот тәртібімен қорғауға келер болсақ, сауалнамаға қатысқандардың 48 пайызы сот төрелігіне сенбейді», - деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат ТӨРЕБАЕВ.
Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова интернет немесе телефон қоңырауы арқылы жасалған алаяқтыққа тосқауыл қою мәселесін көтерді. Оның айтуынша, алаяқтықтың бұл түрінен зардап шегіп жатқан адамдар тым көп. Әсіресе зейнеткерлер қақпанға түсіп, миллиондаған қаражатын аударып жібереді.
«Заң жобасының таныстырылымынан, өкінішке қарай, тұтынушылардың құқығы бұзылатын екі маңызды мәселені көре алмадым. Бұл - интернеттегі сауда және интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Бұл сондай-ақ жыпырлап шыға беретін жарнама, ұялы байланыс операторларының дербес деректеріне қол жеткізу, жұмыс уақытында түсініксіз дистрибьюторлардың әртүрлі ұтыс ұтып алғаныңызды айтып, бас қатыратын шексіз қоңыраулар мәселесі қамтылмапты», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар БИЖАНОВА.
Ал тағы бір халық қалаулысы тауарлардың сыртындағы жазулардың тым кішкентай қаріппен жазылатынын айтып, сынға алды. Тұтынушылар лупа алып жүрмесе, тауардың құрамын оқу мүмкін емес деді ол.
«Біздің бүгінгі таңдағы дүкенімізге барсаңыз әр сөреде олардың қандай жолмен өндірілгендігі туралы ақпарат жоқ. Ал, енді тауардың сыртында микраскоппен қарайтын жазу бар. Оны ешкім оқи алмайды. Ол үшін қалтаңызда микраскоп немесе лупа ұстап жүріп оқуыңыз керек. Онда анау заңға әр магазиннің сөресінде лупа тұрсын деген өзгеріс енгізейік», - деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Омархан ӨКСІКБАЕВ.
Вице-министр тұтынушылардың құқығын қорғау, білімін арттыру мақсатында арнайы телеграм каналын ашып қойғандарын жеткізді. Оған мыңнан астам әртүрлі сұрақтар келіп түскен. Алайда министрлік бұл жерде ауыл тұрғындарының құқығын ескермесе керек.
«Сіз жаңа айттыңыз телеграм канал арқылы барлығын реттейміз деп. Мысалы аудан орталығында интернет бар. Ауылда жоқ. Олар қалай шешіледі? Осы жағын да қарастыруымыз керек. Сондықтан қарапайым жүйе арқылы халық өзінің құқығын қорғай алмайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай СӘБИЛЬЯНОВ.
Вице-министрдің сөзінше, тұтынушылардың шағымын елемей, олардың бұзылған құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы хабарламайтындарға жаза қолдану керек деп санайды. Ондай кәсіпкерлерге 50 АЕК айыппұл салуды ұсынды.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы