Ол мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, қоғамдық өмірде белсенді
«Өміріме, өнеріме ғашықпын». Осындай тақырыпта студент Зарета Курмангужинованың жастарға арналған ән кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, қоғамдық өмірде белсенді. Ән шырқайды, би билейді, тіпті соңғы кезде мотиваторлық тренинг өткізуді де қолға алыпты.
Зарета Курмангужинова – кішкентай шағынан бастап өмірдің тауқыметін көріп келеді. 4 жасынан Шымкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. Мектеп бітіргеннен кейін колледжге оқуға түсіп, бірден мемлекеттік қызметте жұмыс істеп көрген. Тумысынан мүгедек болған ол өзін мүмкіндігім шектеулі деп есептемейді. Ес білгілелі 12 мүшесі сау адам секілді еңбек етіп келеді.
«Біз секілді адамдарға қоғамның басқаша көзбен қарайтыны белгілі. Мен оған ешкімді кінәламаймын. Себебі бұл қалыптасқан стереотип. Осы стереотипты жойғым келеді. Онымен біз күреспесек, кім күреседі. Менің өмірлік ұстанымым – өмірдің әр берген дүниесін сый деп қабылдай білу керек. Әрбір сынаққа сына берсек, біздің кім болғанымыз», – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенті Зарета КУРМАНГУЖИНОВА.
Алдына қандай қиындық келсе де, Заретаның жігері жасыған жоқ. Өмірдің берген сынағын сый деп қабылдап, сабырлығымен еңсеріп келеді. Қазір ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Философия және саясаттану мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол өзінің авторлық концертіне дайындалуда. Бұл – оның студенттерге арнайы ұйымдастырған екінші кеші. Көрермен алдына қанша шықса да, іштей қобалжудың бар екенін жасырмайды.
Зарета соңғы кезде осындай мотиваторлық кеш өткізуді де қолға алған. Бүгінгі жастардың тұрмыстық қиыншылықтарға төтеп бере алмайтыны оны алаңдатады.
«Бүгінгі студенттер көптен күткен концерт. Студенттердің алар тағылымы жағынан болсын, кеш керемет көңіл күймен тіптен ерекше болып отыр. Зарета Өтеміс қызы өзі өте рухты, көпті рухтандырып жүретін керемет жандардың бірі. Қазіргі нағыз жастардың элитасы деуге болады», – дейді «Сұңқар» студенттер кәсіподағының мүшесі Нұриддин БАЙМҰХАНҰЛЫ.
«Өте жарқын жүзді, өміріндегі неше түрлі қиыншылықтарына қарамастан, алда келе жатқанына қарап мотвация аласың», – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті Бибіжамал ШАМҰРАТ.
Бүгінгі өткізіп жатқан кеші оның шығармашылық жолындағы бастамасы ғана. Зарета үшін алда талай бағынбаған белес бар. Өзін дамыту жолында тынбай еңбек етуге дайын екенін айтады.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов