Қазақ руханияты үшін, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін ерекше күн
28 қыркүйек – қазақ руханияты үшін, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін ерекше күн, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олай болатыны, бұл күні ұлттық әдебиетіміздің 3 бірдей ұлы тұлғасы дүниеге келген. Атап айтсақ, әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, көзі тірісінде-ақ «Алтайдың ақиығы» атанған Оралхан Бөкей. Бұл 3 арыстың артында ұлтымыздың ырысы, халқымыздың құтты қазынасы деуге лайық мол мұрасы, асыл сөздері қалды.
Әдебиетіміздің аса көрнекті өкілдері, қазақ руханиятына, мәдениетіне зор еңбек сіңірген ірі тұлғалардың ішінде Мұхтар Әуезовтың орны, әрине, ерекше. Мәскеуде жарық көрген әлемдік классиканың 200 томдығына Қазақстаннан кірген бірден-бір жазушы да, сол баяғы Мұқаң еді.
«Әдеби өмірімізде бірін-бірі пір тұтқан, бірін-бірі ұстаз санаған 3 үлкен тұлғаның туған күндерінің бір күнге тура келуі жай ғана сәйкестік пе, әлде мұнда тылсым бір сын жатыр ма, оны бір Алла ғана біледі?! Бірақ көзі тірісінде тәкаппар жазушымыз Оралхан Бөкейдің өзі бұл күнге кәдімгідей мән беріп жүргенін талай естідік», – деді жазушы-публицист Жүсіпбек Қорғасбек.
Шерағаң баспасөздің «Бауыржаны». Осылай деген «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Шерағаңдай данышпандар жүз жылда бір туатын сирек тұлға деп санайды.
«Шерағаң өзі адамды талантына, қабілетіне қарап таңдайтын, әсіресе, жастарды. Оралхандар бастаған, кешегі Фаризалар, Әбіштер бастаған, Ақселеулер бастаған, осылардың барлығын әбебиетке, баспасөзге алып келген Шерағаң. Шерағаңнан жұғысты болған қасиеттің бойымызда 1 пайызы болса, қазіргі баспасөзде жұмыс істеп жүргеніміз соның арқасы деп ойлаймын», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.
Оралхан Бөкей әдебиетке романтикалық лепті, романтизмді, әдебиеттегі әсершілдік деген ұғымды алып келген қаламгер. Қара сөзбен жырлаған керемет эсселар мен новеллалары бірінен кейін бірі жарық көріп, оқырманды бірден баурап алған.
«Оралхан Бөкей Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесін жатқа айтатын болса, кейінгі жастардың ішінен де мен Оралхан Бөкейдің шығармаларынан үзінділерді жатқа айтып жүрген әдебиетшілерді, жастарды көрдім. Шерхан Мұртазаның ерлігі, Оралхан Бөкейдің өрлігі бізге өмірде мектеп болып қалыптасқан», – деді жазушы-публицист Жүсіпбек Қорғасбек.
Белгілі жазушы Смағұл Елубай -дәл бүгінгі таңда, қазақ әдебиетінің өр тұлғаларының шығармаларын жастарға тереңінен насихаттаудың аса қажет екенін айтады.
«Бүгін қазақ баспасөзі осынау 3 тұлғаның өмірі жайлы, шығармашылығы жайлы ой қорытып, ой толғатып жатқаны белгілі. Әсіресе, дәл бүгінгі таңда, қазақтың тілі мен сөзіне жұрт қатты алаңдап отырған жағдайда өте-мөте қажетті құбылыс болып отыр. Тек қана осы 3 тұлға емес, жалпы қазақтың қара сөзіне еңбегі сіңген тұлғаларды айтып отырудың ешқандай артықшылығы болмас еді», – деді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай.
Бір күнде, бірақ әр жылдары дүние есігін ашқан қазақтың үш арыс азаматы, өз буынының көшбасшысы болды. Олардың қайталанбас шығармаларының әлі талай ұрпаққа рухани азық беретіні хақ.
Сая Меңдеке, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы