Алматыда «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Іс-шара 22 маусымда аяқталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған халықаралық іс-шара Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, генерал Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған. Оған Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мен еліміздің түкпір-түкпірінен 50 топ қатысып жатыр. 14 пен 17 жас аралығындағы 750 жас сарбаз әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, спорттық додада бақ сынап, кіл мықтыны анықтайды.

– «Айбын» халықаралық жастар жиынына екінші жыл қатысып жатырмын. Былтыр біз командалық жүлделі  екінші орын алдық. Ал осы жылы барлық шығыс өңірлік қолбасшылығының намысын қорғап, жүлделі орынмен қайтатынымызға сенімдімін. «Айбын» жастар жиыны арқылы өзіме көптеген елден, қалалардан достар таба білдім. Бойымдағы патриоттық сезімімді күшейте алдым, – деді «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының қатысушысы Жансая Жасықбай.

– Биыл Қазақстанға алғаш келуім. Жақсы қарсы алды. Қазақ – қонақжай халық, – деді  «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының қатысушысы Урматбек Уезбеков.

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін жиынның ашылу салтанаты Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталып, «Халық жүрегіндегі қаһарман» атауымен өткізілген көрмемен, концерттік бағдарламамен жалғасты. Сондай-ақ «генерал Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери мұрасы және оның қазіргі заманғы маңызы» атты жаңа кітаптың таныстырылымы өткізілді. Іс-шара 22 маусымда аяқталады.

– Біртұтас ұлт болып әскери құрылымдар да келіп жатыр. Өйткені бұл – ортақ жиын. «Жас сарбаз» деген Мемлекет басшысы былтыр бүкіл армиялық кеңесте «жас сарбазды» ұлттық деңгейге көтеру керек екенін айтты. Осындай шара көп болса, болашақта патриот азамат көп болады, сенімдімін, – деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев.

Оқи отырыңыз: Астаналық Бауыржан Қамалиев 30 тонналық әуе көлігін орнынан қозғап, рекорд жаңартты

Новости партнеров