Батыл жүректі қыз: Төтеншеліктер сел алып кеткен оқушының қалай аман қалғанын айтты

almaty.tv
almaty.tv
Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, абайсызда жас баланың өліміне әкеп соқты деген себеппен бір емес, екі бап бойынша іс тергеліп жатыр. Ал, бір күннен кейін аман есен табылған 10 жасар Зере Бисембайдың жағдайы қалай? Қаршадай қыз ағыспен қалай жүріп, судан қайтіп шыққанын айтып берді. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Апаттан аман қалғандардың бірі – Зере Бисембай. 10 жастағы қызды сел Шарын шатқалының бойымен 3 шақырымға дейін ағызып алып кеткен. Ол ағаш бұтақтарына қарманып, судан шыққан. Кейін бірдіндеп тау басына жетіпті. Бір күн бойы далада қалған қаршадай қызды құтқарушылар таң ата тауып алды.      

Зере Бисембай, құтқарылған қыз:

- Іздеп жүрген, мен оларды көрдім де айқайладым. Сосын тікұшақ келді, полиция бар. Сосын мені тікұшаққа мінгізіп, ұшып кеттік.

- Қазір қалай сезінесің өзіңді?

- Жақсы.

- Түнде не істедің тауда?

- Ұйықтадым.

Осылайша қазір құтқару қызметі тікұшақпен №1 балалар емханасына апара жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың денсаулығы қалыпты. Өзін өте жақсы сезінеді.

Құтқару операциясы 18 сағатқа созылған. Ол үшін 109 адам мен тікұшақ және бірнеше техника жұмылдырыды. Дәрігерлердің хабарлауынша, Зере бас ми жарақатын алған. Қазір жағдайы қалыпты. Қажетті ем-дом шарасын қабылдап жатыр. Төтеншеліктер таулы аймақта қандай да бір оқыс жағдай болған кезде құтқару қызметі 30 минутпен 2 сағаттың арасында жетуге мүмкіндік бар дейді.

«11 жасар қыз өте кішкентай болса да, батыл жүректі деп айтуға болады. Ол құтару қызметінің барлық ережесін меңгергендей, өзі кәсіби тұрғыда әрекет еткен. Ағыс алып кеткен кезде арқасына асынған сөмкесі болыпты. Кедергі болмас үшін сөмекесі мен аяқ-киімін тастай салған. Кейін ағыс бойымен көзімді жұмып, бойымды бос ұстап жаттым дейді. Бұл оның аман қалуына үлкен көмегін тигізді», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.

Саяхатшыларды сергелдеңге салған сел дәл осы жерде болған. Оқыс оқиға болған жерден шайылған судың іздерін анық байқауға болады. Жоғарыдан келген ағыны қатты нөсер жауын 26 жасар мектеп мұғалімі мен 10 жасар оқушыны мына тастың астына әкелген. Құтқарушылар бастапқыда оқушы қызды аман алып шығарған. Кейіннен алғашқы көмек көрсеткен. Десе де оны аман алып қалу мүмкін болмапты. Ал, 26 жасар мұғалім оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Қазір туристерді қыдыртып, пайда табатын компаниялардың саны күрт көбейді дейді ұлттық парк директоры Елнұр Ахметов. Оның айтуынша, Шарын аумағына саяхатшыларды серуендетуге тек 12 туристік компанияның рұқсаты бар. Ал, оқушыларды ұлттық паркке әкелген «Школа» серіктесті бұл тізімде жоқ. Яғни, Шарынмен келісімшартқа отырмаған. Саябаққа кірерде бақылау бекетінен өткен әр адам қауіпсіздік ережелерімен танысып, арнайы журналға тіркеледі екен.  

«Кешегі күннің ауа-райы сипаты бойынша 32, 34 градус ыстық болды. Аяқ-асты болған нөсер жауын ол 15-20 минутта келді. Жалпы, Шарын шатқалы жауын 10 минуттың ішінде жауды. Енді 10 минуттың ішінде толығымен хабарлап үлгермей қалу ол физическалық жағынан мүмкін емес. Оның үстіне бұл тау болғаннан кейін мұнда ұялы байланыс жоқ», – деді «Шарын» МҰТП директоры Елнұр Ахметов.

Қазақ туризмінің индустриясына айналып келе жатқан «Шарын» ұлттық паркіне күніне 300-ге жуық адам келеді екен. Демалыс күні олардың саны тіпті көп. Қазір ұлттық парк уақытша жабық. Ішкі бөлігін тазалап, ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Осындай керемет жердің барын естіп, балаларымды әкелгенбіз. Жабық тұр екен. Төтенше жағдай болғанын естімедік, интернет көздерінен де оқымадық. Енді кері кетуге тура келеді», – деді саяхаттаушы Алина Махмутова.

«Естіген жоқпыз, біз кеше жолда болдық. Жабық деді, енді бала-шағамызбен кері қайтамыз, демалуға келгенбіз ғой», – деді саяхаттаушы Мадина Әркенқызы.

Шарын шатқалындағы оқыс оқиғадан  6 адам зардап шеккен. Олар Ұйғыр аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің хабарлауынша, төрт адамға медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберіліпті. Ал, екі адам бас ми жарақатын алған. Қазір олардың жағдайы орташа, қажетті ем-дом қабылдап жатыр.  

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұғайтпасов, Мұратбек Алмазхан, «Алматы» арнасы    

Новости партнеров