Биыл елімізде 37 мыңнан астам азаматты әскерге шақыру жоспарланған

26.05.2023 22:41

Наурызда басталған жұмыс Алматыда да маусымның соңына дейін жалғасады

Almaty.tv

Биыл ел бойынша 37 мыңнан астам азаматты армияға алу жоспарланған. Дәл қазір Қазақстанның барлық өңірінде әскерге шақырудың көктемгі науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Наурызда басталған жұмыс Алматыда да маусымның соңына дейін жалғасады. Дәл қазір қаладағы комиссариаттарда әскерге жарамдыларды мерзімді қызметке аттандырып жатыр.

– Негізі өз еркіммен келдім. Осы жерден Астанадағы Ұлттық ұланға барамыз. Медициналық тексеруден өттік, денсаулықта кінәрат жоқ. 27 мамырда Астанаға аттанамыз, – деді жас сарбаз Арман Нұрдәулет.

Алматыдағы Қорғаныс істері жөніндегі департамент дерегінше, көктемгі науқанда 1413 адамды әскерге шақыру жоспарланған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, басым көпшілігінде қызметті кейінге қалдыруға немесе босатуға заңды себеп жоқ.

– Әскери қызметтен қалдыру негізі көрсетілген. Мысалы, отбасылық жағдайға байланысты немесе оқуын жалғастырып жатса, отбасы мүшелерінің арасында мүгедек немесе бір балалы отбасы болса, яғни қалдыруға себебі болса, ол кісілер шақырылмайды, – деді Қорғаныс істері жөніндегі департаменті заң қызметінің бастығы Дәуренбек Шегебаев.

Айта кететіні, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскери қызметке ынталандыру бойынша тапсырмалары негізінде, биылдан бастап Отан алдындағы борышын өтеп келгендер 2 жыл ішінде Ұлттық біріңғай тестілеусіз 70-тен аса университеттің біріне оқуға түсе алады. Одан бөлек, банкке қарызы барлардың несиесі сарбаз кезінде тоқтатыла тұрады.

Көктемгі шақыру науқаны басталғалы бері Алматы бойынша 931 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылған екен.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы