Алматыда созылмалы ауруы бар науқастарға тегін жолдама кезекпен беріледі – дәрігер

№12 емханада тіркеуде тұрған 65 мың адамның 541-і созылмалы аурумен есепке алынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Уәде етілген жолдама! Алматы қаласының тұрғыны қалалық емханадан созылмалы ауруына байланысты берілетін тегін жолдаманы ала алмай отырғанын айтып арнамызға хабарласқан еді. Шарт бойынша ол Бурабайда ем алуы тиіс болған екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Күләнда Есболова 2016 жылдан бері №12 емханада өкпе ауруымен есепте тұр. Ол мемлекет тарапынан берілетін тегін жолдаманы ұзақ күткенін айтады. Оның сөзінше, емхана дәрігерлері уәде еткен ем-домды кейінге қалдырып отыр.

«Аумақтың учаскелік Саида есімді медбике хабарласып, «Келіп, өзіңізге және балаңызға арналған жолдаманы алып кетіңіз деді. Ол 14 қазанға берілуі керек болған. Енді кеше келіп сұрасам, менің жолдамамды жоқ дейді, басқа біреуге берген», – дейді күйініп қала тұрғыны Күләнда Есболова.

Шағымданушыға жауап алмақ болып, емхана әкімшілігіне жолықтық. Оның айтуынша, науқасқа жолдама қалалық қоғамдық денсаулық басқармасынан шілде айында ұсынылған. Десе де, отбасылық жағдайына байланысты өзі бас тартқан көрінеді.      

«2 аптадан кейін бізге келіп, жолдаманы сұрады. Ол жолдаманы біз билет алып, басқа адамға беріп қойдық. Енді ол кісіні біз 14 қарашаға кезекке қойдық», – деді №12 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәулет Қыдырбекова.

Айта кетейік, №12 қалалық емханада бүгінде 65 мың адам тіркеуде тұр. Оның 541-і созылмалы аурумен есепке алынған. Бас дәрігердің орынбасары олардың жыл сайын мемлекет тарапынан бөлінетін жолдаманы кезекпен алатынын айтады.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров