Алматыда биыл 240 маман жастар іс-тәжірибесінен өтіп жатыр. Олардың бесеуі тұрақты жұмысқа кіріп те үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv.
25 жастағы Наргиз Халилова – «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасының жемісін көрген маман. Тіс дәрігерінің бүгінде тұрақты жұмысы, өз емделушілері бар. Ол оқу бітіре сала, екі қолға бір күрек іздеп, болашағына алаңдай бастаған. Тіпті бастапқыда тәжірибе жинау үшін бірнеше жерде тегін еңбек еткенін айтады. Бірақ жастарға арналған бағдарламаны естігенде, маман болып қалыптасуға зор мүмкіндік ашылғанын түсінген. Оның үстіне, кәсіптің қыр-сырын үйреніп жүріп, жалақы алу үлкен мотивация, – дейді жас маман.
«Жастар іс-тәжірибесіне» құжаттарымды тапсырдым. Менің ұсынысымды қаладағы тіс емдейтін белді емханалардың бірі қабыл алды. Бір жыл бойы көп нәрсе үйреніп, кейін осында тұрақты жұмысқа орналастым. Бағдарлама маман ретінде қалыптасуыма зор мүмкіндік берді. Айтарым, құжаттарды тапсыру қиын емес. Оны бар болғаны бір күнде тапсырдым. Егер ниет болса, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ», – деді стоматолог дәрігер Наргиз Халилова.
«Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі, диплом алғандарына үш жылдан аспағандарды жұмыспен қамтуға көмектеседі. Оған қоса, 1 жыл көлемінде ай сайын 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 138 мың теңге жалақы төленеді. Яғни, жас мамандар тәжірибе жинаумен қатар, айлық алып отырады. Егер ол өзін жақсы жағынан көрсетсе, тәжірибе аяқталмастан жұмысқа орналасуына әбден болады.
«Жастар тәжірибесіне қатысу үшін ең алдымен enbek.kz порталы арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі. Үш жұмыс күні өткен соң жұмыссыз деген статус алады. Порталға өз түйіндемесін тіркеп, өз мамандығы бойынша порталдан жұмыс орындарын онлайн іздеп, түйіндемесін сәйкес келген мекемеге жібереді. Жұмыс беруші енбек порталы арқылы түйіндемені көріп, жұмысқа шақыртады. Сұхбаттасып болған соң, жұмысқа қабылданады», – дейді Жұмыспен қамту орталығының бөлім маманы Ақбота Рысқұлова.
Тіпті болмаса, құжаттарды қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары арқылы да тіркетуге мүмкіндік бар. Одан бөлек, оқуға түсе алмай қалған жастар үшін де бағдарлама қарастырылған. Мәселен, Алматыда жыл басынан бері «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 20 адам жұмыс тапса, «ұрпақтар келісім-шарты» аясында 10 қатысушы тәжірибеден өтіп жатыр.
«Алғашқы жұмыс орындары» – деген бағдарлама бар. Ол бағдарламаға 16 жастан 35 жасқа дейінгі, еш жерде еңбек өтілі жоқ азаматтар қатыса алады. Ал «Ұрпақтар келісім-шарты» деген бағдарлама ол – белгілі бір ұйымда зейнетке шығуға 6 ай қалған қызметкердің қасына жұмысқа жіберіледі. Жастарға қойылатын талаптар, диплом алғанына 2 жылдан аспау керек», – деді Жұмыспен қамту орталығының бөлім маманы Ақбота Рысқұлова.
Қалалық жұмыспен қамту орталығы жақында жастарға арналған үш жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр. Былтыр осындай шараның 15-і өткен екен. Бос жұмыс орындары туралы ақпаратты орталықтың инстаграмдағы парақшасынан көруге болады. Оған қоса, жастарды жұмыспен қамтитын мамандар жоғары оқу орындарын аралап, бағдарламалар жайлы түсіндіріп те жүр.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы