Туған күнге берілген сыйлықтың аяғы жазатайым оқиғамен аяқталды. Қарағандыда әйел аттракционнан секіремін деп тіл тартпай кетті. 33 жастағы келіншек 9 қабатты қонақүйдің төбесінен белбеуге ілініп секірген. Алайда беліне байланған арқан үзіліп, жердегі бетонға соғылыпты. Ал Алматыдағы аттракциондарда қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталып жатыр? Әткеншектердің техникалық жағдайы тексеріліп жүр ме? Бұл сұрақтарға Аlmaty.tv тілшісі жауап іздеп көрген еді.
Әлеуметтік желілерде қайғылы оқиғаның видеосы тарап кетті. Бейнеде әйелдің «тарзанка» типтес әткеншекпен 25 метр биіктіктен секіріп, бетоннан жасалған конструкторға соғылғаны анық көрінеді. Жергілікті басылымдардың сөзінше, жұмысшылардың бірі арқанды бекітіп үлгермеген. Ал полицейлер оқиғаның нақты себебін анықтап жатыр.
«Қозғалған қылмыстық істің негізінде полиция қызметкерлері аттракцион ұйымдастырушылардың лицензиясы болған-болмағанын, сондай-ақ, қауіпсіздік ережелерін сақтау-сақтамау туралы мәселелерін қарастыратын болады. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде», - деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Ауыр жарақат алған әйелге шұғыл ота жасалғанымен, ол жансақтау бөлімінде жан тапсырған. Жазатайым көз жұмған келіншектің артында 2 баласы мен күйеуі қалды. Марқұм бұған дейін де бұл әткеншектен екі рет секірген екен. Ал туған күніне туыстары сыйлаған жолдаманың аяғы өлімге соқтырған.
«Бәріне әткеншектің жоғарғы жағында тұрғандар кінәлі деп ойлаймын. Ол 3-ке дейін санамай тұрып, астында барлығы дұрыс екеніне көз жеткізуі керек еді. Ал ол арқанның дұрыс бекітілгеніне сенімді болмай тұрып, санай салған. Әйтпесе, оған дейін де бірнеше адам секірді ғой төбеден», – дейді Евгения марқұмның туысы.
Кез келген әткеншек түріне отырмас бұрын арнайы техникалық маманның кеңесіне мұқият құлақ асқан жөн. Әсіресе, белбеудің мығым бекітілгенін пысықтап алу керек.
Алматыдағы экстремалсүйер қауымның жиі келетін орны – «Сұңқар» трамплинінің биігінде орналасқан орталық. Оған келетіндердің 70 пайызы нәзікжандылар екен. Мекеме басшысының айтуынша, бұл кәсіп түрін ашпас бұрын заң бойынша арнайы комиссия тексереді. Мұнда қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Мәселен, қорғаныш киімдері мен белбеулер адамның дене бітімі мен киім өлшеміне қарай бөлінеді. Бойы 120 сантиметрден төмен әрі 40 келіден жеңіл тұрғындар әткеншекке жіберілмейді. Сондай-ақ, қан тамыр жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының аураулары бар, аяғы ауыр жандарға қарсы көрсетілімі бар.
«Қазақстан Республикасының 2019 жылғы стандарттары бойынша біздің аттракцион барлық талаптарға сай. Бізде болуы тиіс барлық құжаттамалар бар. Жобалаудың негізгі бөлігі Ресей Федерациясында өтті. Күн сайын таңертең және кешке жабдықтарды тексереміз», – деді ойын-сауық орталығының директоры Владислав Семенов.
Қазақстанда экстремалды ойын-сауық түрлері енді ғана қарқын алуда. Орталық басшысының айтуынша, барлық тексерісті тек жалға беруші ғимарат иесі жүргізеді. Себебі әткеншек әкімшілігі жергілікті атқарушы органдарға бағынбайды екен.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы