Алматыда Жақсылық Үшкемпіровтің 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті

Көпшілік назарына спортшының 10 жыл бұрын өзі тапсырған алғыс хаттары мен өзге де жеке заттары қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қалалық архивте ұйымдастырылған шараға бірегей тұлғаның замандастары, достары, бапкерлер қатысып, естеліктерін бөлісті. Көпшілік назарына Жақсылық Үшкемпіровтің осыдан 10 жыл бұрын өзі тапсырған алғыс хаттары мен өзге де жеке заттары қойылды. Қазір спортшының ұрпақтары бұл қорды толықтырып жатыр.

Бұдан бөлек, ұлттық намыстың үлгісіне айналған қазақ батырына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. «Біртуар» атты деректі романның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Сәуле Досжан.  

«Адам өмірге келген кезде әкесі оны қандай есіммен атаса, сол есімі адамға қызмет қылады екен. Ағамыздың есімін Жақсылық деп бекер қоймаған шығар. Бүкіл ғұмырын өзінің халқына арнады. Енді ол кісінің кітабын оқыған жас балалардың жүрегінде де «Жақсылық аға сияқты болсақ екен» деген ниет туады, тек спортпен ғана емес, сонымен қатар халқына қызмет қылатын жүрегі кең, жақсылықты сүйе білетін азаматтар... Жалпы, қазақ халқы аман болса, мыңдаған жақсылық  келеді деген  ойдамын», – деді ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ардақ Назаров.

«Мұның бәрі – үлгі-өнеге, насихат. Өйткені, өсіп келе жатқан балаларымыз Жақсылық әкеміздей Олимпиада чемпиона болса деп ойлаймыз. Міне, кеше ғана Олимпиада өтті, Норвегияның Осло қаласында грек-рим күресінен әлем біріншілігі өтіп жатыр. Алмат Кебіспаев бауырымыз қолаға қол жеткізді. Бұның өзі үлкен жетістік. Сондықтан біз осы өсіп келе жатқан жастарымыз Жақсылық атасындай, Шәміл атасындай, Дәулет Тұрлыханов атасындай үлкен деңгейде алтын медаль тақса деп ойлаймыз», – деді Ж. Үшкемпіровтың ұлы Елдос Үшкемпіров.

Новости партнеров