Шетелге шығарып емдетуге кемінде 10-15 млн теңге ақша керек
Алматыда асыр салып ойнап жүрген 10 жасар бала, бағанаға басын ұрып сал болып қалды. Ұлжан-1 шағынауданында тұратын Қаула Жұмағазы есімді жеткіншектің жанұясы еліміздің білікті невропотолог дәрігерлерінен көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10 жастағы Қаула Жұмағазы 25 мамырда үшінші сыныпты бітіріп үйге келеді. Дәл сол күні түс ауа күндегі әдетімен велосипедін алып көшеге ойнауға кеткен бала шайтанарбадан құлап, басын жол жиегінде тұрған бағанаға қатты соғып алған. Соққының салдарынан жеткіншектің маңдайы жарылыпты. Жедел жәрдеммен қалалық 2-ауруханаға жеткізіліп, басы тігілген. Бірақ жағдайы жақсы деп қайтарылған бала әлі күнге оңалмады деп отыр әкесі.
«7-8 күннен кейін басының жібін алдырып, тағы кіріп сұрадық. Баланың жағдайы нашарлап тұр деп айттық. Енді ары қарай жақсы болады, басын ұрған оңай емес қой жазылады деді. 10-15 күннен кейін бала өзгере бастады. Сөзден кетті. Тілі күрмеліп, сосын бір қол бір аяғын сүйрей бастады», – деді Қ. Жұмағазының әкесі Жұмағазы Баратбай
Содан баланы қайта дәрігерге апарған. 15 күн талон күтіп МРТ-ға түскен, невропотологқа да, жеке дәрігерге де жүгінген. Әкесінің айтуынша, диагнозын ешкім дұрыс түсіндіріп айта алмаған. Бірі басында қан ұйып, тарап кеткен десе, енді бірі ми тамырлары жарылуы мүмкін депті. Алаң көңілді ата-ана бір білетініміз баланың беті бері қараудың орнына көз алдымызда кері кетіп барады дейді. Перзентінің хәлі мүшкіл тартып жатқанын көрген әке шарасыздан 2 қалалық ауруханаға қайта барады. Бірақ науқасты 1-аурухана қабылдапты.
«Алдында жүріп барған бала ауруханадан шыққанда жүре алмайды. Көтеріп алып, көлікке салып алып келдім. «Маған не болған, әке. Мен жүре алмаймын ғой, не болған маған, әке» дейді. Мен «балам кішкене жарақат алып қалыпсың, әлі жүре бересің» деп жұбатқан болдым», – деді Қ. Жұмағазының әкесі Жұмағазы Баратбай
Олар «Ана мен бала» орталығына да жүгінген. Әзірге ол жақтан да қайыр болмай тұр. Қазақстанның медицинасы дамыған тұста балама дауа табатын дәрігер қалайша табылмайды деп налиды әкесі. Кенет төсек тартып қалған баласын дертінен айықтырсам болды дегеннен артық тілегі жоқ. Тез арада білікті невропотолог, нейрохирург табылса деген ниетте. Ақ халаттылар балама назар аударса дейді.
«Балаға ең керектісі мықты невропотологпенен бұл баланың басын қайта қарау керек. басында ісік бар ма, қан тамыры жарылды ма, миға қан құйылды ма. Астанадан бола ма, Алматыдан бола ма осы мықты бір больницаға жатқызып жедел ем алдыру керек», – деді Қ. Жұмағазының әкесі Жұмағазы Баратбай
Жұмағазы отбасымен Алматыда 2019 жылдан бері тұрады. Содан бері 4 баласымен пәтер жалдап келеді. Құрылыстан тапқан нәпақасын бала-шағасына әрең жеткізеді. Енді отбасының елден көмек сұрағаннан басқа амалы жоқ. Қытайға барып емдетуді де ойлапты. Алайда қолды қаржы қысып тұр дейді. Шетелге шығарып емдетуге кемінде 10-15 млн теңге ақша керек екен. Осы тұста жомарт көңіл, ақ пейіл көрермен қол ұшын созам десе, кейіпкердің реквизитін ұсындық:
КАСПИ ГОЛД: +7 747 270 73 08 – НҰРСАРА БАҚЫТ – Қ. ЖҰМАҒАЗЫНЫҢ АНАСЫ
Назкен Еркін, Дидар Исаев, «Алматы» теларнасы