Әуезов ауданында биыл 90 аула жөндеуден өтеді
Бұл жолғы «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасының қонағы Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев болды. Ол аудан тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға тікелей эфирде жауап берді.
Тұрғындар тарапынан Almaty.tv сайтына 47 сауал келіп түсті, оның ең көп дауыс жинаған 5-і тікелей эфирде ауданы әкіміне қойылды. Телеарнаның WhatsApp қосымшасына келіп түскен 4 видео экраннан көрсетілді. Арна тілшілері дайындаған 10 сұраққа әкім жауап берді. Сондай-ақ, студияға 4 көрермен хабарласып, қордаланған мәселелерін айтты.
Әуезов ауданы тұрғындарын тозығы жеткен жолдар мен ойын алаңдары, көлік тұрағын жөндеу және Сайран көлінің қоғамдық тәртібі алаңдатады екен.
Мәселен, №7 ықшамауданы 6 үйдің тұрғындары балалар алаңқайының жоқтығын айтып шағымданған болатын.
«Ағымдағы жылы 90 аула жөндеуден өтеді. Соның ішінде 6 үйдің ойын алаңқайы да бар, ол 2020 жылы жөнделеді. Жалпы, алдағы 3-4 жылда Әуезов ауданыдағы барлық аулалар толықтай жаңартылады», - деді әкім.
Сондай-ақ, алда «Мамыр» ықшамауданындағы мектеп мәселесі оң шешімін табады. Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда 1200 балаға арналған мектептің құрылысы басталып кеткен. Ал, «Сайран» көлінің жағдайына келсек, жағалауға бейнебақылау камералары қойылып, қоғамдық тәртіп бақылауға алынатын болды.
Айта кетейік, Almaty.tv сайтына келіп түскен сауалдарының барлығына аудан әкімі жазбаша жауап береді.
Алдағы аптаның бейсенбісінде «Әкіммен ашық әңгіме» бағдарламасының кезекті қонағы – Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев. Сұрақтарыңызды мына сілтеме бойынша жолдасаңыздар болады.