Алматы облысында АЭС салынуы мүмкін

02.02.2023 02:54

Бұл туралы Энергетика министрлігінің алқа отырысында Болат Ақшолақов мәлімдеді

elements.envato.com

Алматы облысы Жамбыл ауданында АЭС салынуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрлігінің алқа отырысында Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жоспарын бөліскен ол қондырғы бой көтеретін ауданды таңдау мәселесі таяуда қоғамдық талқылауға шығарылатынын айтты. Өткен жылы Қытай, Ресей, Корея, Франция сияқты елдерден жеткізішулердің тексерілген реакторлық технологияларының арнайы тізімі жасақталған. Енді технологияны таңдау бойынша шаруа қолға алынбақ.

«Өткен жылы желтоқсанда Қытайға жылу бөлгіш құрастырмалардың бірінші партиясы жеткізілді, олар атом электр стансасының жұмысына арналған. Тұрақсыз геосаяси жағдайды ескере отырып, биыл уран өнімдерін тасымалдау бағыттарын жетілдіру шаруасы пысықталады. Атом электр стансасын орналастыру аумағы бойынша жария талқылауды ақпанда өткіземіз деп отырмыз. Әзірге оңтайлы аумақ деп  Алматы облысы Жамбыл ауданы алынып отыр. Бірақ бұл соңғы нақты шешім емес», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Алқа жиынында Болат Ақшолақов солтүстік және шығыс өңірлерін көгілдір отынмен қамту мәселесінің пысықталып жатқанын жеткізді. Министрдің айтуынша, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2, 3-кезеңін салу жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, ол «Омбы-Павлодар-Семей» бағытындағы газ құбырын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтып өтті. Бұл шаруаны іске асыру үшін Өзбекстан, Ресей және Қазақстан бірлесіп, жол картасын дайындаған.

«Орта Азиядан газ солтүстікке жіберілетін. Бүгінгі таңда газды оңтүстікке жіберу керек. Техникалық жұмыстарды шешу үшін сарапшылар бас қосу керек. Сол үшін Өзбекстан, Ресей және Қазақстан бірлесіп, жол картасын дайындадық. Ол одақ емес, жол картасы бәріне пайдалы болмақ», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.