Алматыда биыл 456 көшеге асфальт төселеді

13.04.2019 01:39

Құрылыс жұмыстары басталып кеткен

Комсомольская правда Казахстан

Алматының 14 шағынауданында жаңа жолдар салынады. Бұл 456 көше тақтайдай тегістеледі деген сөз. Қазіргі таңда 6 шағын ауданда жұмыстар басталған. Ал қалған 8-інде құрылыс 15 сәуір күні басталады. Жол жөндеу барысында көше шамдары, арық жүйесі де жасалмақ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, жолдың еніне қарай қажетті жерлерге тротуар қойылады. Алматыға соңғы жылдары қосылған аймақтарда инженерлік желілер жасалған. Сондықтан, көшелерді жөндеу су құбыры мен кәріз жүйесін орнату аяқталған соң қолға алынып отыр. Айта кетейік, биыл қала әкімдігі жолдарға екі есе көп асфальт төсемек. Мәселен, соңғы төрт жылда 57 шақырым жаңа жол салыныпты.

«Қарасу, Көкқайнар, Ұлжан-2, Ақбұлақ шағынаудандары бойынша 2018 жылдан бері жол салу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 5 шағын аудан бойынша атап өтсек, Ұлжан-1, Шаңырақ-1, Дархан, Байбесік, Трудовикте 2019 жылдың мамыр айында жұмыстар басталады», - дейді Алматы қаласы Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр ӘБЖАХАН.

Айта кетейік, мердігер мекемелер де жұмысты тиянақты істеуге міндеттелген. Құжат бойынша олар жұмыс біткен соң да жолдың сапасына жауапты болмақ.

«Ақбұлақ ауданында жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 97 жұмысшы, 25 техника жұмылдырылды. Жасалуы тиіс 37 көшенің 33-і жасалды. Дегенмен, асфальттың 50 пайызы ғана төселді. Оған мамыр айының басында кірсеміз. Себебі, кейбір тұрғындар инженерлік желілерді үйлеріне тартып үлгере алмай қалған. Инженерлік желілерге қосылған соң толық асфальттауға көшеміз», - дейді Мердігер мекеменің директоры Дмитрий СЕМОНИХИН.