Алаяқтың айласы: елорда тұрғыны бір күнде 9 млн теңгесінен айырылды

06.07.2023 в 01:40

Ол желідегі жарнамаға сеніп қалған

Оңай жолмен мол табысқа кенелемін деп оңбай алданған. Елордалық азамат бір күнде бақандай 9 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алаяқтар оның атынан 3 несие рәсімдеп, сан соқтырыпты. Енді бір отбасының жалғыз асыраушысы шарасыз отыр. Еш жерге жұмысқа орналаса алмай, қарызға белшесінен батқан.

Рамазан Әреновтың бәлен жерде бақыр бар деп тақырға отырып қалғанына жылдың жүзі болды. Қамал алатын шағында азамат әккілерге оңбай алданған. Желідегі жарнамаға сеніп, 100 долларын бәзбіреулердің қолына ұстата салыпты. Елдегі мұнай-газ компаниялары акция жасап жатыр, қатыссаң қазынаңды толтырасың дегенге имандай сенген. Артынша арнайы оқуына да қатысты. Енді міне алаяқтардың бұл әрекетінен әділдік іздеп шарқ ұрып жүр.

«Скайп арқылы оқуға қатыстық. Кейін олармен жұмыс істеп бастадық. Алғашында бізге бір күнде 13 доллар, 11 доллар таптыңыз деп хабарлады. Сосын көп қаржы салсаңыз, көп ақша табасыз деді. Бірақ мен бұдан басқа қосатын ақшам жоқ деп айттым. Бірнеше күн өткен соң атымнан несие рәсімделгенін білдім», – деді қала тұрғыны Рамазан Әренов.

Бірден көп ақша табуды қалаған Рамазан алаяқтарға есепшотынан бастап, өзіне қатысты барлық жеке мәліметін айтып береді. Үш күн өткен соң атында бір емес, бірнеше несиесі барын білген. Сан соғып қалған азаматтың қарызы - 9 миллион теңге. Алты баланы бір өзі асырып отырған отбасы үшін бұл қиынның қиыны болып тұр.

«Форте банктен 3 кредит рәсімделіпті. Хабарлама келгенде жағамды ұстадым. Жолдасым екеуміз әбден әбігерге түстік. Банк бөлімшесіне бардық. Бірақ басшысына жолыққанымызда мұндай жағдай болуы мүмкін емес деп, қайтарып жіберді. Артынша біз арыз жаздық, бірақ еш нәтиже жоқ», – дейді Р. Әреновтің әйелі Әзигүл Әренова.

Қазір Рамазанның барлық банктегі шоттары бұғатталған. Төлемінің ай сайынғы өсімі де бар. Шарасыз азаматтың шағымын қаржы мекемесінің бөлімшесі қарастырмаған көрінеді. Сөзінше, алаяққа алданған жағдайда тек құзырлы орган өкілдері әрекет етпек. Полицияға да, прокуратураға да жүгіндім, бірақ бәрі нәтижесіз дейді.

«Бізде соңғы 3 жылдың ішінде алаяқтардың құрбаны болған адамдардың саны күрт өсті. Сан соғып қалып жатқандардың көбі демде байып кетуді көздейді. Сөйтіп алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады. Онлайн микроұйымдарының қыр-сырын әбден біліп алған алаяқтар саусақтарының ұшын қимылдатып-ақ, белгісіз адамдардың атынан қыруар қаражат тауып отыр. Қазір тіпті бір уақытта 5-6 ұйымнан несие алғандар бар. Азаматтар арыз жазып, шағымданғанымен ешқандай көмек болып жатқан жоқ», – дейді тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Ішкі Істер министрлігінің ақпарынша, жыл басталғалы алаяқтықпен 1500-ге жуық адам жауапқа тартылыпты. Дені азаматтардың атынан заңсыз несие рәсімдеген. Бұл әккілердің табыс көзі саналады екен.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы