Қауіпті дерт ел-жұрттың денсаулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік. Бүгін волонтерлер жылының жабылу рәсімінде Президент Қасым-Жомарт осылай деді. Мемлекет басшысы барлық еріктіге ризашылығын білдірді. Олар еліміз үшін аса қажетті, пайдалы жұмысты атқарып отырғанын атап өтті. Олар ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектескенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Осыдан тура бір жыл бұрын өздеріңізбен бірге «Еріктілер жылын» ресми түрде ашып, міне, қазір соның жемісін де көріп отырмыз. Бұл Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылының заңды жалғасы болды. «Еріктілер жылы» жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еріктілер ұйымдарына жүйелі қолдау көрсетіп, оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажеттігін де айтты. Атқарылған игілікті істер осы жылмен ғана шектеліп қалмауы тиіс деді.
«Жақсы іс әрдайым жалғасын табуы керек. Осы орайда еріктілікті дамытудың жол картасын әзірлеу маңызды. Сондай-ақ, еріктілерді даярлауға арналған бағдарлама қажет. Еріктілер қызметін ұйымдастырудың басты талаптары мен ұстанымдарын айқындап алған жөн. Осы мақсатпен Волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасауды тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.