Биыл ұнның бағасы елде былтырмен салыстырғанда 27,5 пайыз өскен
«Қымбатшылықтың құрсауына түстік». Бұл – халықтың қазір басты базынасына айналған сөзі. Ай сайын төлейтін несиені де осы ақшаның ішіне қосасыз. Биыл ұнның бағасы елде былтырмен салыстырғанда 27,5 пайыз өскен. Бұл деректі Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамырда ғана келісі 360 еді, 5 айға жуық уақытта 500 теңгеге жеткен. Нанның құны 18 пайыз көтерілді. Қазір тұтынушы оны кемінде 90 теңгеге алады.
Сол нанға жағып жейтін сары майдың бағасыарзан емес. Өндіріс көлемі төмендеген. Кесірінен оның да бағасы 18,4 пайыз артқан. Бұл туралы ауылшаруашылығының министрі айтты. Ербол Қарашөкеев ет өндірісінің көлемі артып жатыр, қымбатшылық болмайтынын айтқан. Биыл мал басы көбейіп, экспорттау көлемі артқаны рас. Алайда ішкі нарықтағы ет бағасы арзандаған жоқ. Керісінше көтеріліп барады. Оған әркім әр нәрсені себеп қылып жүр. Қарапайым халық күз түсіп, соғым соятын уақыт жақындады дейді. Ал билік өкілдерінің айтуларынша, әлемдік экономикадағы дағдарыс, тасымалдаудағы жанар-жағармай құны, саланы қаржыландыру бағаның өсуіне түрткі болып отыр. Бірақ фермерлер етті орташа есеппен 900 теңгеден сатады екен. Алайда ет тұтынушыға жеткенше баға монополия, делдал, олигополия салдарынан негізсіз, белгісіз себеппен күрт көтерілетін көрінеді. Мұндай мәліметті бұрынғы Сауда және интеграция министрі айтқан еді. Бұл да бір себеп шығар, бәлкім! Сондықтан Президент өнімді өндірістен делдалсыз-ақ тікелей сөреге дейін жеткізуді жүзеге асыратын жобаны енгізіңдер деп тапсырма берді. Тамызда жылқы еті 15,5 пайыз, қой еті 12,4, құс еті 27,9, шұжық өнімдері 18,1 пайыз өсіпті. Ал сиыр етінің бір келісі 2350 теңге.
Жалпы Ұлттық статистика бюросының есептеуінше, жыл басынан бері елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны 20,8 пайыз көтеріліп, инфляция деңгейі 16,1 пайызға жетіпті. Соңғы апталарда тұз бен сұйық майдың бағасы да айтарлықтай өскен. Мәселен күнбағыс майының 1 литрін 844 теңгеге аласың. Ал қат болған қант бағасының келісі қазір 483 пен 515 теңге арасында. Бұл бақылаудағы баға. Кейбір кішігірім дүкенде құмшекер 800 теңге. Яғни 1 жыл ішінде тәтті өнім құны 92,8 пайыз жоғарлаған. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Тек картоп, қырыққабат пен сәбіздің бағасы керісінше, төмендепті. Орын алған бұл жағдай халықтың ғана қалтасын қағып, әбігерге салып қоймай, ақ жағалылардың да мазасын кетірсе керек. Енді түйткіл түйінін тарқатып, мәселені шешуге кіріскен жауаптылар азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін түрлі тәсілдерді қолданбақ. Мәселен, қант тапшылығын болдырмас үшін елдегі тәтті өнім шығаратын 4 зауыт 136 мың тонна шикізаттың 3 айлық көлемін сатып алады. Оған қаржыны Үкімет бермек. Тиісінше, зауыттарға 1 жыл бойы құмшекерді келісіне 460 теңгеге сату міндеттеледі. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Сондай-ақ картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарының ірі өндірушілерімен 4 млрд теңгеге дейін «айналым қаражатын» ұсыну бойынша келісімдерге қол жеткізілген. Бұл нарықты белгіленген баға бойынша көкөніс өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Жауаптылар сүт өнімдері, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, тұз, сиыр мен тауық етіне қатысты тың шара қабылданады деп сендірді.
«Бағаны болжау қиын нәрсе. Баға өсе ме, өспей ме дегенде бірнеше факторды ескеру керек. Негізінен керекті заттардың бәрінің бағасы өсіп жатыр. Сол себепті баға біршама өсуі мүмкін», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.