Қаңтар оқиғасында қаза тапқан қос сарбаздың есімі еш ұмытылмайды

11.02.2022 01:40

Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды

Almaty.tv

Осыдан тура 1 ай бұрын Қаңтар оқиғасында қаза тапқан жандарды жалпы ұлт болып аза тұттық. Уақыт өткенімен, дүрбелеңде жақынынан айырылған жандардың көз жасы әлі кепкен жоқ. Ресми дерек бойынша, қантөгісте 227 адам қаза тапты. Олардың арасында сол күндері ел тыныштығы үшін тәртіп күзетуге шыққан боздақтар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

    

Мадияр Қайсаров. Айбат Аманов. Бұл қос сарбаз – Қаңтар оқиғасының құрбандары. Олар жасы 20-ға жетер-жетпес шағында мерт болды. Отан алдындағы борышын өтеп жүріп қыршын кеткен қос жауынгердің қазасы барша жұрттың қабырғасын қайыстырды.  

Қызылорда қаласындағы дүрбелеңде қаза болған Мадияр Қайсаров 2002 жылы 29 қаңтарда Қарағандыда дүниеге келген. Кейін отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, дүрбелеңде тәртіп күзетті. Елең-алаңда алдыңғы сапта тұрып, ақтық демі қалғанша жауынгерлік мінезін көрсетті. Өкінішке қарай, қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Марқұм Мадияр Қайсаров бір әулеттің жалғыз ұлы еді.

«Өкінішке қарай, осы болған оқиғада қатардағы, қасымызда жүрген жауынгерлер Қайсаров Мадияр мен Аманов Айбат өмірмен ерте қоштасты. Сондықтан олардың есімі жадымыздан өшпейді. Жүрегімізде таңба болып қалуға тиіс деп санаймын», - деді қатардағы жауынгер Айбат Алпысбаев (10.01.2022).

Ал қатардағы жауынгер Айбат Аманов бір үйдің кенжесі, болашағынан үміт күттірген ер мінезді азамат еді. Қарапайым жанұяда өскен жауынгер 5 қаңтарда Талдықорғанда болған дүрбелеңде мерт болды. Марқұмның жақындары «Айбат арманы биік, айналасына шуағын төккен азамат еді» деп еске алды. 

«Әскер бөліміне бірге келдік. Пойызда отырып, аман-есен ораламыз деп уәде бергенбіз. Әскери өмірді елестеттік. Жақсы бала еді. Ол – қазақ елінің батыры. Дүрбелең басталып, біразы жарақаттанып келіп жатқанда, бір баладан сұрадым «Аманов Айбат қайда?» деп сұрадым. Сол кезде оның қайтыс болғанын естідім», - дейді қатардағы жауынгер Ілияс Өміржан. 

Қаңтар оқиғасында қыршын кеткен қос ұландық сарбаздың есімдері ел есінде мәңгі қалды. Олардың бұл ерлігі бірнеше рет айтылары анық. Президенттің Жарлығына сәйкес марқұмдар ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. 

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы