Алматы облысының тұрғындары мектеп салуды талап етті

07.03.2023 01:41

Бала таситын 7 автобус күніне 33 рейс жасайды

Almaty.tv

Талғарға қарасты Қайнар ауылдық округінде 12 ауыл бар. 12 ауылдың тек бесеуіне ғана мектеп салынған. 10 жылдан бері осында отырған ел 3 шақырымдық көрші ауылдарға 681 баланы тасымалдап оқытады. Мектеп 3 ауысымды. Ал бала таситын 7 автобус күніне 33 рейс жасайды.

«Қазір балалар Төңкеріске автобуспен қатынап оқиды. Қыстай көлік бірде бар, бірде жоқ. 3 ай ғана оқыған шығар. Онлайн  оқытамыз дейді, 1-сыныптың баласы онлайнды түсіне ме», - деді Сақтан ауылының тұрғыны Нұржамал Тәжібекова.

«Жылда мектеп, аурухана саламыз деп уәде береді. Бірақ орындалмайды. Әкімнің атын естігіміз де келмейді» - деді Тереңқара ауылының тұрғыны Жеңіс Әділбеков.

Мектеп салу жоспарда бар. Бірақ ол жоспарға әкімдік өкілі айтпақшы, бұл ауылдар енбей қалған.

«Бізде емхана деген атымен жоқ. Бір жыл бұрын емхана ашылды деп еді, есігінде әлі қара құлпы тұр. Неге істемейтінін сұрасақ, күннің жылығанын күтіп отыр екен. Сонда ол тек күн жылығанда істей ме», - Сақтан ауылының тұрғыны Нұржамал Тәжібекова.

«Бұл не деген сұмдық, білмеймін? Не мектеп жоқ, не емхана жоқ. Бір укол салдыру үшін адам іздеп жүреміз», - деді Тереңқара ауылының тұрғыны Темірхан Тойболдинов.

Аурухана түгілі, амбулатория табылмайтынын білген жұрт аурудың алдын өзінше алып, сақтанып жүр. Ауызсусыз, кейде қараңғы бқлмеде отырып үйренген олар жайылымның азайғанын да жасырмады.

«2 жерде жер қарастырылған. Қазір округ тарапынан қайтадан сатып алу құжаты дайындалып жатыр. Олар дайын болғаннан кейін, пысықталған соң қаражат сұраймыз», - деді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Есенбаев.

Оқу орны салынуы мүмкін деген жер жекеменшік иелігінде. Қазір тиісті құжаты жасалып жатыр.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы