Қалада дизель отынының орташа бағасы 230 теңге
Елімізде дизель отыны тапшы. Жетіспеушілік әсіресе Алматыда ерекше байқалып отыр. Қаладағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірі дизельді арнайы талонмен ғана беріп жатса, енді бірі оның мүлде сатылымда жоқ екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы жанармай құю бекетіне келген көлік жүргізушілері дизельді қалаған көлемінде ала алмай отыр. Болған күннің өзінде оны тек шектеулі талонмен ғана беріп жатыр. Соңғы тәулікте кезектің де соңы көрінбейтін болған. Жүргізушілер жылжымай, сағаттап күтеміз дейді.
«Барған заправканың бәрінде жоқ дейді. Талон дейді, карточка дейді. Біз сияқты адамдарға тіпті бермейді. 10 күннен асты қиналып жатырмыз. Қаланы аралап жүріп, құйып аламыз. Жаңа бір жерден 10 литр құйып алдым. Жұмыс істеу керек, бала-шағаны асырау керек», – деді көлік жүргізушісі Алтынбек Әбсаттаров.
«Бағасы қымбат болатын. Бірақ қазір оған да үйрендік. Енді оны да сатып ала алмай отырмыз. Қаладағы кейбір жерлерде талонмен де бермейді. Мүлде жоқ дейді. Ал талонды кімдерге береді? Оны біз секілді қарапайым тұрғындар ала ала ма? Ол сұрақпен де бармаған жеріміз жоқ», – деді көлік жүргізушісі Константин Богомолов..
Кәсіпкерлік басқармасы қаладағы жанармай бекеттеріне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде қала бойынша 20 мың тоннадан астам дизель отынының бар екенін айтты. Бұл мегаполис бойынша 1 айға жететін жеткілікті қор дейді. Ал қаладағы жанармай бекеттерінде дизель отынының не себепті талонмен беріліп жатқандығын басқарма басшылығы былайша түсіндірді.
«Ол келісімшарт бойынша жылдың басында кейбір мекемелермен келісімшартқа отырған. Талондарын өткізген. Сол талонмен беріп жатыр. Бүгінгі таңда қалада 6 ірі жанармай құю бекеті бар. Олар ешқандай шектеусіз беріп жатыр. Талон сұрамайды», – деді қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.
Салаға жауапты энергетика министрлігі еліміздегі көліктерді дизельмен қамту үшін алдымен күзгі маусымдықты жинауға қатысатын ірі жүк көліктері мен тракторларға басымдық берілетінін айтады. Ведомство тапшылықты жою мақсатында түрлі іс-шараларды қабылдауын-ақ қабылдап жатыр. Десе де, бұл қайталанатын қалыпты жағдай болып тұр.
«Қазіргі бағамен 230-260 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ жүк көлігі үшін қазақстандық тіркелген куәлігін растайтын құжатты бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады. Қалған адамдарға көрсетілген көлемде артық дизель отыны үшін баға 450 теңгеден сатылады», – деді ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Қазір Алматыда дизель отынының орташа бағасы 230 теңге. Еске салайық, елімізде 2016 жылдан бері жанар-жағармай бағасына мемлекет араласпайды. Бензин мен дизельдік отынның құны еркін нарықта реттеледі.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы