Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұлдың орташа көлемі - 90 мың теңге
Ешкімнен рұқсат алмаған кәсіпкерлер онда ойын-сауық орталығын салмақшы болған. Ал, орманның оталып жатқанын көрген табиғат жанашырлары әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жас ағаштарды түбірімен кесіп тастаған. Бұл жерде қарағаш, емен және қарағайлар да болатын», - деді бір тұрғын.
Қалалық жасыл экологияны қорғау комиссиясының мүшесі Салтанат Ташимованың шырылдап жүргені бекер емес. Медеу ауданына қарасты ормандағы ағаштардың кесілгенін ести салысымен, белсенділер тобы осында жеткен. Кейіннен әлеуметтік желіге жариялап өзара пікір талас тудырыпты. Ол рұқсатсыз тал кескендерге айыппұл көлемін көбейту керек деп санайды.
«Заңсыз кесілген ағаш үшін әкімішілік құқық бұзушылық шара қолданып, айыппұл салады. Ол көлемі жеке тұлғалар үшін 15, заңды тұлғалар үшін 150 АЕК көлемінде. Заңды тұлғалар ағашты кесіп, тәртіп бұзғаннан кейін айыппұл көлемінің көп екенін біледі де, оны жеке тұлға жасады деп жаздырады. Осылай жазадан оңай құтылып жатқандар көп», - деді табиғат жанашыры Салтанат ТАШИМОВА.
Мамандардың айтуынша, ағаш инфрақұрылымға кедергі келтіргенде және адам өміріне қауіп төндіргенде ғана кесіледі. Мына жер осыдан екі ай бұрын ғана жасыл желекке айналған орман болатын. Дәл қазір жазық кеңістікке айналған. Ал, бүгінде сол орманды тек суреттен ғана тамашалауға болады.
Құлжа тас жолы бойындағы 7 гектар алқаптың ағаштарын кесіп орнына әлдебіреулер ойын-сауық кешенін салмақшы екен. Кәсіпкерлер 2 ай бұрын әкімдік өкілдерінің сөзін елемей, орманның 11 мың ағашын кесіп, жерді трактормен тегістеп тастаған. Бұған дейін салынып жатқан нысанның ілініп тұрған паспорты да белсенділердің шуынан кейін алыныпты.
«Бұл жердегі 11 мың ағашқа байланысты 2 ай бұрын арыз жазылды, өзіміздің Медеу аудандық тиісті мекемелерге жазған болатынмын. Басшыларына хабарласамыз, телефондарын алмайды, келмейді, кеңселеріне барсақ, кіргізбейді», - дейді Медеу аудандық қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Димұрат ҮМТІЛДАЕВ.
Шу болған іс қалалық полиция департаментіне де жеткен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қазір арнайы жедел тергеу тобы құрылып, материалдық залалдың мөлшерін анықтау үшін сараптамалар тағайындады.
«Аталған дерек бойынша қазір Медеу аудандық ІІБ Қылмыстық кодекстің 360-бабының 1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы істің мән-жайы мен себеп-салдарын анықтау үшін осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында жедел іздестіру амалдары жүргізілуде», - деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұлдың орташа көлемі - 90 мың теңге. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орнын толтыру үшін заңбұзушы әр ағаштың орнына 10 тал отырғызуға міндетті.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев