|
26.02.2021 | 20:42
7595

Зираттар бұзылмайды: Жерлеу қызметінің мамандары қайтыс болғандарды қайта жерлеу рәсімін түсіндірді

Бұған дейін марқұмдардың туыстары ешқандай келісімсіз қабірді басқа жаққа көшірген деп шу шығарған еді

Зираттар бұзылмайды: Жерлеу қызметінің мамандары қайтыс болғандарды қайта жерлеу рәсімін түсіндірді Almaty.tv

«Өліден қорықпа, тіріден қорық!». Бұл алматылық тұрғындардың жан айқайы. Осыдан тура 1 жыл бұрын Ремизовка зиратындағы 23 мәйіт «Кеңсай-2» зиратына қайта жерленген. Бұған дейін марқұмдардың туыстары ешқандай келісімсіз қабірді басқа жаққа көшірген деп шу шығарған еді. Ал, қалған зираттың тағдыры не болмақ? Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтып береді.

Бостандық ауданының тұрғыны Екатерина Железина Ремизовка зиратына 2000 жылдан бері жиі келеді. Себебі, мұнда оның туыстары жерленген. Бірақ, бақи болғандарды басқа зиратқа қайта жерлеп жатыр дегенді естіп, түн ұйқысынан айырылса керек. Ол мұны – «қайтыс болғандарды қорлау» деп есептейді.  

«Төменгі жағында әпкем, жотаның жоғарғы жағында өзге жақындарым жатыр. Қатты қорқып кеттім. Себебі, бұл зират тура жолдың бойында орналасқан және жапсарлас кафе салынып жатыр. Өзге мүрделерді басқа жаққа ауыстырды дегенді естіп, есім шығып осында асықтым. Енді, қабірді біздің рұқсатымызсыз басқа зиратқа көшіре ме деп, үрейленіп отырмыз»,– деді Бостандық ауданының тұрғыны Екатерина Железина.

Мән-жайды анықтау мақсатында, зиратты өз көзімізбен көруге бел будық. Байқағанымыздай, маңай қоқысқа толған, жасыл желек кесілген, қабір қоршаулары қирап жатыр. Ал, тазалыққа жауаптылар мәселені бір-біріне сілтеп, ақыры жауаптан қашып кетті.

«Ремизовкаға бара жатқан жолдағы зираттың маңайында үй мен мейрамханалар салынып жатқанын көрдік. Айналадағы ағаштар аяусыз оталып, қоқысқа толған. Яғни, бұл жерге қандай да бір нысан салынайын деп жатыр. Бұл деген нағыз «вандализм», – деді «Алматыны қорғайық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Салтанат Тәшімова.

Ал, жергілікті салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты қызметкерлерінің айтуынша, зират 1930 жылдан бері бар. 2008 жылы қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің шешіміміен қараусыз қалған және жарамсыз деп танылып, оны жою туралы шешім шыққан. Сәйкесінше, 2010 жылы шаһар әкімдігі қабірлерді басқа аймаққа көшіру туралы мемлекеттік акт қабылдап, газетке хабарландыру берген екен.  

«10 жыл бойы жерленгендердің туыстары хабарласады деп күттік. Бірақ, тең жартысының ғана жақындары байланысқа шықты. Онда барлығы 40-қа жуық мүрде болған. 20 шақты мәйіттің туыстары қайта жерлеуге келісті. Қалған 23 қабір былтыр қаңтар айында Кеңсай-2 зиратына көшірілді. Бұл Ремизовканың жоғарғы жағындағы қабірлер. Ал, төменгі бөлігіндегі зираттар сол қалпы қалады», – деді Алматы қалалық салттық қызмет көрсетудің арнаулы комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.

Ал, жерленген мәйітті басқа жаққа көшіруге қатысты дін өкілдері әртүрлі пікір айтты.

«Бізде қайта жерлеуге тыйым салатын арнайы ережелер жоқ. Алайда, бұл қайта жерлеу рәсімі - туыстарының келісімімен және олардың қатысуымен өтуі керек», – деді Алматы қалалық вознесенск соборының протоиерейі Александр Суворов.

«Жерленген мәйітті үзірсіз сол жатқан жерінен қазып, басқа бір қабірге, басқа жерге көшіру - рұқсат етілмейді. Харам болып табылады. Егер де, мәйіт басқа біреудің жеріне жерленген болса немесе сол жердің иесі мәйітті өз жерінен алып кетуді талап етсе, не болмаса қоғамға маңызды, қажетті құрылыс салдары, жол салынатын болса және де қабір су астында қалатын қауіп болып жатса, сонымен қатар, басқа дін өкілдерінің қабірлеріне жерленсе, ол жерден алып, басқа жерге көшіруге рұқсат етіледі», – деді Пәтуа бөлімінің жауапты қызметкері Нұрболат Дүйсебаев.

Ал, алдағы уақытта ескі Ремизовка зиратындағы бос жатқан жер жекеменшік тұлғалардың пайдалануына берілмейді дейді мамандар. Орнына жаңа саябақ салынбақ екен.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир