Cценарий бойынша оқу орны жатақханасындағы 300-ден астам білім алушы қауіпсіз жерге көшірілді
Табиғи апат жағдайында қауіпсіздіктің алдын-алу үшін жасалатын жұмыстар бүгін қаладағы Азаматтық авиация академиясының студенттеріне түсіндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары алдымен арнайы сценарий бойынша оқу орны жатақханасындағы 300-ден астам білім алушы қауіпсіз жерге көшірілді. Ал жоғары қабатта қалғандар төтеншеліктердің көмегімен арнайы техника арқылы төмен түсірілді.
«Біз білім ордаларында оқу-жаттығу жиынын жиі өткіземіз. Түсіндіріп қана қоймай, арнайы сценарий құрып, практика жүзінде дайындаймыз. Осылайша, әрбір қала тұрғынын табиғи апатқа дайын болуға үйретеміз. Оқыс жағдай кезінде үрейге бой алдырмау керек. Барынша дұрыс іс-әрекет еткен жөн», – деді Түрксіб ауданы ТЖБ бас маманы Әнуар Қалимолданов.
Айта кетейік, Алматы республика бойынша сейсмикалық қауіпті аймаққа кіреді. Мамандар мұндай практикалық бағдарламаға негізделген іс-шараларды алдымен мектеп пен колледж, жоғары оқу орны мен аурухана секілді әлеуметтік нысандарда өткізуге басымдық беретіндерін айтады. Себебі мұндай орындарда адам саны көп болады. Содан кейін жеке тұрғын жай мен көпқабатты үйлерде тұратын жұртшылыққа түсіндіру жүргізіледі екен.
«Қазір әлемде апат көп. Оған біз де дайын болуымыз керек. Мұндай қауіпсіздік іс-шараларын академияда жиі өткіземіз. Оның үстіне студенттеріміз авиация саласында оқығандықтан адам өмірінің қауіпсіздігі бірінші орында екенін жақсы түсінеді», – деді Азаматтық авиация академиясы қауіпсіздік бөлімінің бастығы Наиль Жомартов.