Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерінің құрбаны болған жандарға баспана берілді. Арнайы салынған әлеуметтік тұрғын үйлер «Мәдениет» ықшам ауданында орналасқан. Қазір онда 30-дан астам отбасы өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Есімін жасырын қалдыруды қалаған бұл келіншек тұрмыстың тауқыметін тартып, туыстары тарапынан қысым көрдім дейді. Күйеуінің басына күн туып уақытша қамауға алынған. Содан бері өмірімнің астан-кестеңі шықты деген әйел осыдан үш ай бұрын екі баласымен далада қалады.
«Күйеуімнен ондай еш қиыншылық көрген жоқпын, тек анасы қысым көрсетті. Күйеуім кетіп еді, күнде ұрыс. Оның бәрін айтпай-ақ қояйын», – деді келіншек.
Әйтсе де сүреңсіз күндері өтіп қазір «Араша» атты әлеуметтік үйді паналаған. Кейіпкеріміз сияқты түрлі зорлық-зомбылық көрген жандар үшін бұл үй үміт сәулесіндей болып кеткен. Еліміздің тең құқық пен тең мүмкіндік институты жанынан 2017 жылы құрылған бұл үйде 17 адамға дейін тұруға болады.
«Баспанамызға әйел мен балалар көбінесе келеді. Осы үш жыл бойы 360 әйел мен баланы қабылдадық. Баспанаға келген кезде стандарт бойынша алты айға дейін тұруға құқылы. Кейбір жағдайларда 9 айға дейін тұруы мүмкін. Барынша көмегімізді көрсетеміз. 8 әлеуметтік көмек. Сондай-ақ заңгер,психолог, әлеуметтік жұмысшылар, дәрігер сынды мамандарымыз бар», – деді «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қорының президенті Маргарита Өскембаева.
Отбасындағы кикілжіңдер көбіне үй мәселесіне келіп тіреледі дейді мамандар. Сол себепті қоғамдық қор мен «Береке» мәдени-білім беру қоры бірлесіп жанұяларды баспанамен қамтуға кірісіп кеткен. Жоба аясында бүгін екі отбасы үйлі болды.
Осы уақыт аралығында адамдардың қоғамға араласып, жұмысқа тұрып кетуі үшін, ал балаларының толыққанды білім алуына бар мүмкіндік жасалады. Сол үшін де мұнда әлеуметтік қызметкерлер, психолог мамандары осында тұрып жатқан әрбір отбасыға жәрдемдеседі.
«Біз тек қана отбасыға, әйелдерге ғана емес, балаларға да көңіл бөлеміз. Балалардың бұл өмірге басқаша көзқараспен қарауына, бір шекарада тұрып қалмауына, үйретеміз. Шекараны қай жерге өзің қойдың сол жерде шекара болады, ал былай өмірде шекара жоқ деп түсіндіреміз», – деді «Береке» мәдени-білім қорының президенті Бағдаш Сүлейменов.
Әлеуметтік 5 тұрғын үй жанашыр жандардың қаражатына салынған. 65 жанұяға шақталған пәтерлерде қазір 30-дай отбасы тұрып жатыр. Әр қайсысының басындағы жағдайы әртүрлі. Бірақ бәрінің талап-тілегі бір - ол аяққа тұрып, қысымсыз мамыражай өмір сүру.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы Телеарнасы»