Қараша халық көмір мәселесін шешпей, қол қусырып отырған билікке ашулы
Петропавл тұрғындары желтоқсанның аязында көмір таппай қиналып отыр. Көмір қоймаларында таңнан кешке дейін кезек күтіп, қара отын ала алмай жүргендеріне 3 ай болыпты. Қараша халық көмір мәселесін шешпей, қол қусырып отырған билікке ашулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көмір қоймасы маңындағы ұзын-сонар кезек үйреншікті жағдайға айналған. Үйде жаурап отырған бала-шағаның қамын ойлап, қара отын алмаққа келген тұрғындардың қарасы қалың. Үйін қалай жылытарын білмей, қоймадан-қоймаға көмір таппаққа тентіреп жүргенде, Үкімет бұл түйткілді неге шешпейді деп наразы.
«Міне, мына қаптаған машиналардың бәрі көмірге келіп тұрғандар. Жылдың аяғы болды. Бұл халыққа істеліп отырған қысым деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның табиғаты бай деп айтамыз, Менделеевтің бүкіл таблицасы осы Қазақстаннан шығады дейміз, бірақ халыққа қарапайым ғана көмір жетпей отыр», – деп ашынады Петропавл қаласының тұрғыны Самат Есмағи.
Осыдан бір ай бұрын жергілікті әкімдік тұрғындардың 95 пайызы көмірмен қамтылған деген ақпарат берген. Дегенмен Шұбаркөл көмірі сатылатын қойманың өзінде күн сайын 40 шақты адам кезекте тұрады. Тұрғындар әкімдіктің берген ақпараты шынайы болса, неге көмірге қолы жете алмай жүргендер көп деп күмән білдіріп отыр.
«Тұрғындар қамтамасыз етілген деп бір жарым ай бұрын айтты ғой. Бірақ 1,5 ай бойы жағдай сол күйі өзгермей тұр. Керісінше, тұрғындардың бар-жоғы 5 пайызында көмір бар, қалған 95 пайызы құр қол отыр. Солай жүргенде міне, қыс та, Жаңа жыл да келіп қалды», – дейді облыс тұрғыны Азамат Елеусінов.
Қойма әкімшілігі көмір бәріне жету үшін бір қолға 5-6 тоннадан ғана береміз деген еді. Дегенмен көмір тапшылығының тыйылмай келе жатқанына 3 ай болған.
«Күнде вагондар келіп жатыр. 1-ақ пункт істеп тұр. Қалғандарында көмір жоқ. Сол үшін ажиотаж болып жатыр. Аудандар да көмір жоқ», – деді көмір қоймасының басшысы Мұратхан Тұрмұхамбетов.
Қойма әкімшілігі аудандарды көмірмен қамту үшін аудан әкімдігінен келген жүк көліктеріне көмір тиеп жіберіп жатқанын айтады. Ал тапшылық мәселесі қашанға дейін жалғасары белгісіз.
Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан