Бүгінде Алматыда жалпы саны 52 базар болса, соның 23-і модернизациядан өткен
Алматыда сауда-саттық саласы әрі қарай жетілдіріле түспек. Бүгінде Алматыда жалпы саны 52 базар болса, соның 23-і модернизациядан өткен. Шаһардың сауда саласын қолдау мақсатында кәсіпкерлерге түрлі бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі берілген. Бұл өз кезегінде жабайы сауданың белең алмауына, базардағы әрбір жұмысшының тұрақты жалақымен қамтылуына және қала экономикасының жақсаруына серпін береді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ел арасында барахолка аталып кеткен базардың бүгінде танымастай өзгеріп кеткені белгілі. Осы сияқты 23 базар қайта жөндеуден өтіп, жаңарған. Бұл жұмыстарға 20 миллиард теңге инвестиция құйылып, жұмыс орын саны 2400-ге көбейген. Осылайша дәстүрлі базарлар заманауи сауда орындарына айналып жатыр. Бұл кәсіпкерлердің көлеңкелі бизнестен шығуына әрі шаһардың сауда айналымын оңтайландыруға көмектеседі.
Бүгінде онлайн сауданың да әлеуеті жоғары. Еліміз бойынша интернет саудада Алматының үлесі 60 пайызды құрайды. Былтыр электронды коммерция саласы 2019 жылмен салыстырғанда 78 пайызға өсіпті.
«Қала тұрғындары сауданың бұл түрін былтырғы локдауннан кейін жиі қолданатын болған. Қиын-қыстау сәтте онлайн сауда-саттық жүйесінің қолайлығына көпшіліктің көзі жетті. Интернет дүкеннің 71 пайызы дамып келе жатқанын байқап отырмыз. Болжам бойынша 30 пайыздан 40 пайызға өседі», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан бөлек сауда жасауға, өз бизнесін бастауға әрі оны әрі қарай дамытуға талпынып, белсенділік танытқан азаматтарды кәсіпкерлікке үйрету жұмыстары да жасалып жатыр. Мақсат – экономика айналымын арттыру үшін кәсіпкерлерді көптеп тарту. Осындай ауқымды шаралар ашық экономика қалыптастыруға, жұмысшылардың заңды жалақы алып, әлеуметтік аударымдарға қол жеткізуіне жол ашады.
«Кәсіпкерліктің түрлі бағыты бойынша, көрсетілген мерзім ішінде 190 мың қала тұрғыны тәлім алды. Үйренушілердің басым көпшілігі өз кәсібін бастауға ниеттенген жастар. Олар сауда-саттықтың қыр-сырын жетік меңгерді», – деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Сондай-ақ, қалада базарлардың бәріне 100 пайыз кассалық аппарат енгізу жоспары құрылған. Мемлекеттік кірістер мекемесіне қаладағы бизнес субъектілерінің 94 пайызы тіркелген. Биыл тауарлар мен қызметтерді сату бойынша айналым көлемі былтырға қарағанда 8 пайызға ұлғайған.
Назкен Еркін, Оразай Нұртай, Жанар Ғаниқызы, «Алматы» арнасы