Ұлттық статистика жүйесінің құрылғанына ғасырдан асты

09.11.2021 в 01:43

Тарихы мол жүйе бүгінде халықаралық стандарттарға сай жұмыс атқарып жатыр

Бүгін – елімізде статистика күні. Қойнауы қатпарлы тарих беттерінің тереңінен бастау алатын бұл қызмет түрі қазақ жерінде бұрыннан бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.            

Қазақ жерінде 1920 жылға дейін жергілікті статистикалық қызметті біріктіретін бірыңғай орган болған жоқ. Сол жылдың 8 қарашасында Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасының Үкіметі мемлекеттік статистика туралы ережені бекітіп, басқарма құрды. Ғасырға жуық тарихы бар ұлттық статистика жүйесі бүгінде халықаралық стандарттарға сай жұмыс атқаруда.

«Статистика мамандығы өздеріңізге мәлім, ежелден келе жатқан мамандықтың бірі болып саналады. Себебі, оның бірден-бір дәлелі – б.з.д 2 ғасырларда үйсіндер мен қаңлылар заманында Шу өңірінде тұрған халықтың санын анықтау жұмыстары жүргізілген. Бұл дерек бізге ғалымдар арқылы белгілі болып отыр», – деді қалалық статистика департаменті басшысының орынбасары Нұрболат Сарғалдақов.

Нақтылық пен дұрыс талдау – аталмыш сала қызметкерінің басты құралдары. Сол арқылы  мемлекеттік және әлемдік саяси шешімдерді қабылдауда біршама мәселе шешімін табады. Соның бірі – халық санағы. Ел егемендік алғалы биыл аталмыш науқан 3-ші мәрте өтіп отыр.

«Биылғы жылы ерекшеленген онлайн режимде санақтан өту бойынша Алматы қаласының 30 пайыздан астамы осы әдісті таңдады. Яғни санақтан онлайн режимде өткен болатын. Сонымен қатар жалпы негізгі кезеңді үй-үйді аралау жұмыстарын атқару үшін қала 327 нұсқаулық және 2287 есептік учаскеге бөлінді», – деді қалалық Статистика департаменті ұлттық санақты дайындау және өткізу бөлімінің басшысы Шырын Тленчиева.

Айта кетейік, 7 қараша күні түнгі сағат 00.00-де халық санағының негізгі кезеңі аяқталды. Ендігі кезекте осы жинақталған мәліметтерді өңдеу, талдау және қайталанған респонденттерді тазарту жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде ұлттық халық санағының баяндамасы дайындалады.

Қайрат Советбекұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы