Алматыда санаққа онлайн қатысқандар сыйлық ұтып алып жатыр

Алматыда санаққа онлайн қатысқандар сыйлық ұтып алып жатыр
Елімізде тұңғыш өтіп жатқан онлайн санаққа Әуезов ауданының көпбалалы аналары белсене қатысуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда санаққа онлайн қатысып, маңызды науқанға өз үлесін қосып жатқан азаматтарға тұрмыстық техника сыйға беріліп жатыр. Халықты электронды тіркелуге көптеп тартуды көздейтін бастаманы Әуезов ауданындағы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы көтерген. Ал, ұлттық халық санағына жауапты мамандар болса, кейбір мобильді қосымшалардың ресми емес екенін ескертеді. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов рет-ретімен айтып берсін.

Елімізде тұңғыш өтіп жатқан онлайн санаққа Әуезов ауданының көпбалалы аналары белсене қатысуда. Оған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының көтерген игі бастамасы себеп. 1-қыркүйектен өз еркімен тіркелген батыр аналарға тұрмыстық заттар табысталып жатыр.

«Біз барынша осындай аналарға барынша көмек береміз. Бұл аналар үйінде 5 баланың, 6 баланың құжаттарын алып келіп, осы санаққа тіркеп беріңізші дегеннің өзі бізді қуантады», – деді Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының қызметкері Назым Смағұлова.

Мұндай шара жасы үлкендерге арналған «Белсенді өмір сүру» орталығында да жалғасты. Мамандардың айтуыша Әуезов ауданында 46 мыңға жуық зейнеткер болса, күніне орта есеппен 30-дан астам қария онлайн санаққа тіркелу үшін осында келеді екен.

БЛИЦ: 

– Онлайн санақ өзіме өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Бізге бағыт-бағдар беріп жатқан мамандарға алғысым шексіз.

– Адамдардың денсаулығына көп көмектесіп жатыр. Рақметімді айтқым келеді. Одан бөлек онлайн арқылы санақтан өттім. Өте тиімді.


Одан бөлек, Ұлттық статистика бюросы андройд платформасында пайда болған «Онлайн халық санағы - 2021» атты қосымшаның ресми емес екенін мәлімдейді. Себебі, мамандар жалған мобилді бағдарламаның мәліметтерді құпия сақтайтынына ешқандай кепілдік бермейді. Қазіргі уақытта электронды тіркелу үшін sanaq.gov.kz немесе Aitu, eGov арқылы ғана қатысуға болады. Жергілікті статистика бойынша Әуезов ауданынан 27 мыңға жуық тұрғын онлайн санаққа қатысып, әзірге көш бастап тұр. Екінші орынға Алатау ауданы жайғасса, үздік үштікте Наурызбай ауданы келе жатыр.

«Бүгінгі таңғы ақпарат бойынша Республикамызда 963 мың халық тіркеуден өтті. Алматы қаласында 117 мың халық онлайн тіркеуден өтіп қойды. Қазір елдер енді танып, енді көріп жатыр сайттарды», – деді қалалық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков.

Еске сала кетейік, онлайн тіркелуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін қаламыздың халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда орындарында және оқу орындарында арнайы пункттер жұмыс істеп тұр. Электронды санаққа қатысу 15-қазанға дейін жалғасады.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров