Бала ұрламақ болған тәрбиеші 6 жылға сотталды

29.10.2019 01:44

Өзі сол № 96 балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген еді

Алматыда балабақшадан бала ұрламақшы болған тәрбиеші 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемеде өтейтін болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

30 жастағы келіншек бұған дейін сотталмаған.

Еске сала кетсек, оқиға шілде айында болған еді. Бет-аузын тұмшалап келіп, бүлдіршінді алып кетпек болған сәт таспаға түсіп қалып, тәртіп сақшылары сол арқылы тапқан. Өзі сол № 96 балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген.

«Саягүл Жаңалық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі , 125-бабы 2- бөлігінің 5,8 тармақтары мен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық жазаны өтеу қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде белгіленсін. Саягүл Жаңалыққа қатысты қолданылған бұлтартпау шарасы күзетпен ұстау, заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын. Сотталған Саягүл Жаңалыққа бас бостандығынан айыру жазасы 2019 жылдың 25 шілдеден бастап есептелсін. Саягүл Жаңалықтан жәбірленушілердің пайдасына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде құрайтын 50500 теңге мәжбүрлі төлем өндірілсін», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы сотының судьясы Тұрсынхан САЛЫҚОВ.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы 6 жыл жаза кесуін сұраған еді. Алматы қаласы Медеу аудандық № 2 сотының судьясы Тұрсынхан Салықов бұл жаза қылмыстық кодекстегі «ең жеңілі» деп түсіндірді. Сотталушының әкесі жазамен келіспейтіндерін, қайта шағымданатындарын айтты.

«Бала аман-есен, ата-анасының қолында тұр, ұрланған жоқ. Бәрі орнында ғой. Сол себептен көңілі толмайды. Ақшаға мұқтаж емес. Ешқандай қиыншылығы жоқ», - деді сотталушының әкесі Дәулетхан ЖАҢАЛЫҚ.