Былтыр қала бюджетінен Алматының табиғатын қорғау мен қоршаған ортаны жақсартуға 1,5 млдр теңге бөлінген
Өткен жыл ел экологтары үшін бетбұрыс жылы болды. Себебі, маңызды сала өз алдына экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі болып құрылды. Жаңа ведомствоның пайда болуы қоршаған ортаны қорғау саласына жаңа серпін беріп отыр. Бүгін қаламыздың бас экологтары бас қосып, 2019 жылдың нәтижелерін қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр қала бюджетінен Алматының табиғатын қорғау мен қоршаған ортаны жақсартуға 1,5 млдр теңге бөлінген. Бұған қоса қала маңында орналасқан табиғатты пайдаланушылардың есебінен осы мақстаттарға 2 млрд 100 миллион теңге аударылған. Соңғы кезде көтеріліп отырған ең өзекті мәселені бірі – қаланың ауа кеңістігінің жағдайы. Аталаған қаржының 60-70 пайызы оны жақсартуға бағытталыпты.
«Жол, көлік мәселесі, энергетика құрылымдары, жылу беретін қазандықтар және жылу беретін станциялардың жұмыстарын реттеу жөнінде, ауа-райын жақсартуға іс-шаралар қарастырылған. Негізгі мәселелер осы бағытқа бағытталған», - деді қалалық Экология департаментінің басшысы Қонысбек БАЙЕДІЛОВ.
Сондай-ақ, жылу қазандықтарынан ауаға көтерілетін улы заттар да мамандарды алаңдатып отыр. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің есептік кездесуінде мегополистегі экологиялық жағдайды жақсарту туралы сұрақтарға жауап берген еді. Қала басшысы екінші жылу электр орталығын аралағанын айтып, қазандықтардың жұмысын көріп, оларды газға ауыстыру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.
«Қаланың ауасын не нәрсенің көп ластап жатқаны маңызды емес. Аталған мәселені шешу бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Біз осылай қосымша қаржыландыруға қол жеткіздік және екінші жылу электр стансасын газға ауыстыру жұмысына кірісіп кеттік. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Оны тұрғындармен талқылаймыз және бірігіп шешім шығаратын боламыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
2019 жылдың қорытындысы бойынша ауаға 124 мың тонна ластаушы заттар шығарылса, соның 80 мыңы авто көліктерден бөлінетін улы заттарға тиесілі екен. Шаһардың өзінде тіркелген темір тұлпарлардың саны жарты миллионнан асса, сырттан тәулігіне 200 мыңдай көлік кіреді. Бұл ретте, агрегаттарында ақаулары бар көліктерді жүргізбеу мақсатында тиісті шараларды жиі өткіземіз, дейді мамандар.
«Іс-шаралар барысында 189 көлікке тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 47 автокөлікке ластаушы заттардың ноормативтен ауытқуы анықталды. Полиция қызметкерлерімен заң бұзушыларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 334 -бабының 1,2 тармақтарына сәйкес тиісті әкімшілік жазалар қолданылды», - деді қалалық экология департаментінің бөлім басшысы Марат САҚТАҒАНОВ.
Қала маңындағы 3 мыңнан астам жер үйлер газға қосылмаған. Өз кезегінде көмірден шығатын элементтер де ауаның ластануына тағы бір себеп. Жалпы республика бюджетінен 2014 пен 2018 жылдардың арасында 830 млрд теңге бөлініп, жыл сайынғы өсім 8,9 пайызға артқан. Олардың дені жаңартылған энергия көздерін табуға, күн сәулесінен энергия алатын, жел және су электр стансаларын салуға жұмсалған.
Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы