Алматылық отбасы Наурыз көже жасаудың ерекше әдісін бөлісті

17.03.2022 02:29

Елімізде Наурыз мейрамын қазақ халқымен бірге 130 этностың өкілдері атап өтеді

Almaty.tv

«Самарқанның көк тасы еріп», бүкіл тіршілікке жан бітетін Наурыз мейрамына санаулы күндер қалды. Айтулы мерекеде қалың бұқара ежелгі ғұрыпты қайта жаңғыртып, жаңа жылдан мол үміт күтеді. Бүгінде елімізде бұл мейрамды қазақ халқымен бірге 130 этнос өкілдері тойлайды. Солардың бірі – Сәбитовтер әулеті. Ұйғыр халқының Наурызды атап өту дәстүрімен Almaty.tv тілшісі танысып қайтқан еді.  

      

Кіреберістен ұйғыр халқының тақиясын кигізіп, ұлттық әуенімен қарсы алған Сәбитовтер әулеті жыл сайын Наурыз мерекесін салтанатты түрде атап өтеді. «Көрісу», «Алғыс айту» салтын да жақсы ұстанады. Ұлыстың ұлы күнін ақ батамен бастаған отбасы дастарханды да екі халықтың дәстүріне сай жайған. Үстелде ұлттық тағамдары – самсу, әткен шай, поря, гошнанмен қатар, қазақ халқының бауырсағы да болды. Осылайша, халықаралық мейрамда музыкалық аспапты әуендеткен бұл шаңырақ ұлттық құндылықты да жаңғыртып отырамыз дейді. 

«Наурыз мейрамы – бүкіл Қазақстанда тұрып жатқан мұсылман елдерінің мейрамы ғой. Сол үшін мен Қазақстан халқына үлкен алғысымды айтамын. Бәріміздің аманшылығымызды тілеймін. Бұл мейрамды өзімнің отбасыммен бірге тойлаймын. Балаларым келеді, немерелерім келеді», - дейді қала тұрғыны Мехрибан Сәбитова.

Жалпы, ұйғыр халқының бұл мерекені қарсы алуы қазақ халқының тойлау дәстүріне ұқсас. Барлығы өкпе-ренішін ұмытып, тату болуға, бірлікте ғұмыр кешуге ұмтылады. Бұл күні Наурыз көже де әзірленеді екен. 

Наурыз мейрамының ең қасиетті асы –  Наурыз көже. Наурыз көже дайындауға жеті түрлі тағам керек. Мысалы, ақ жүгері, қызыл жүгері, арпа, қатық, бұрыш және тары қосуға болады. Ұйғыр ұлтының бұл көжені жасаудағы құпиясы – көбісі бұршақ қоспайды. Қоспасына айранның орнына қатық қосады.   

«Қазақтар мен ұйғырлар – түбі бір түркі халықтары. Ортақ тарихымыздың да тамыры терең. Тағамдарымыз да ұқсас. Мәселен, қазақтар Наурыз көже жасаса, біз Илис пісіреміз. Атауы бөлек болғанымен, құрамы бір. Екеуі де еттен жасалады», - дейді қалалық ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Махинур Исраилова.

Ұлттық құндылықтарынан ажырамастан, көнені бүгінге дейін сақтап келе жатқан шаңырақ «Самарқанның көк тасы еріген» күнді «түркі әлеміне ортақ мейрам» дейді. Бүгінде Қазақстанды отаны еткен олар мейрамда ұйғыр салтынан бөлек, қазақша ән айтуды да дәстүрге айналдырыпты. 

Сәбитовтер әулеті – елімізде бар игілік атаулының символы саналатын Наурызды үзбей тойлайтын отбасылардың бірі. Бүгінде Қазақстанда дәл осындай 130 этнос өкілдері тұрады.

Айта кету керек, 2010 жылдан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымы 21 наурызды Халықаралық Наурыз мейрамы ретінде мойындады. Ал былтыр елімізде жаңа тұжырымдама бекітіліп, мейрамды он күн бойы атап өту туралы шешім қабылданды.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы